КИЕ МЕН ИЕ
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берген тапсырмалары жедел орындалып жатыр. Бас-аяғы бір жылға жетер-жетпес уақытта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар тариxи нысандарға арналған екі жинақ құрастырылды. Жалпыұлттық және аймақтық киелі жерлердің тізімі екі бөлек кітап ретінде алғаш рет жарыққа шықты. Бұл – үлкен еңбек, қыруар жұмыс.
Киелі жерлердің тізімі анықталды. Картасы жасалды. Кітаптар шықты. Ары қарай қалай болмақ? Бір кезде елімізде «Қазақ тарих және мәдениет ескерт-кіштерін қорғау қоғамы» дейтін мекеме болды. Заманында оны Әбіш Кекілбаев сияқты арда азаматтар басқарды. Осы мекеме қазір бар ма, жоқ па, білмеймін. Алайда сондай бір арнайы өкілеттілігі бар, құзырлы орган қазіргі таңда керек-ақ. Тарихи ескерткіштер, киелі орындар бірінші кезекте қорғауға, қамқорлыққа зәру. «Қасиетті Қазақстан» тізіміне енген нысанның барлығы заң түрінде мәртебе алып, рәсімделуі тиіс. Ескерткіштерді сақтау мен қорғаудың кешенді Мемлекеттік бағдар-ламасы қабылданғаны абзал.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Тариxи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңда киелі жерлердің нақты мәртебесі жазылады. «Қасиетті жерлер» деген арнайы тармақ болады. Оған дейін мемлекеттік тізілім жасалады. Аталған тізілімді құзыретті орган — Мәдениет және спорт министрлігі жасайды да, әрбір нысанның ғылыми-сараптамалық төлқұжатын енгізеді. Ал тариxи нысанның төлқұжаты болып, тізілімге енсе, оның нақты мәртебесі болады деген сөз».
Қазақстанның киелі жерлері анықталды. Ендігі соның барлығын елге, әлемге кеңінен насиxаттау қажеттігі аңғарылады. Қазіргі цифрландыру бағытындағы жұмыстарды тиімді пайдалану керек. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің жұмыстары бір бағытта үйрлестірілгені керек. Шетелден келетін меймандарды киелі орындармен таныстыратын гид-жолбастаушы мамандарға Орталықтан бекітілетін ғылыми нұсқаулықтар жасау ісі де маңызды. Еліміздегі көне ескерткіштер мен жәдігерлердің көбісі аңызға, мифтік нұсқаларға құрылғаны жасырын емес. Киелі жерлердің тізімі интерактивті картаға енгізілетіні қуантады. Осы ретте жарыққа шыққан кітаптардың электрондық нұсқасын тезірек айналымға енгізу қажет. Жалпыұлттық киелі жерлер бойынша көпфункционалды 3D туры бар карта жасалып та жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының жалпыұлттық және өңірлік нысандары көпфункциялы 3D форматындағы виртуалды картаға енеді. Оңтүстік Қазақстан облысында «ОҚО киелі орындары (ескерткіштері) геоақпараттық жүйеде» және «Оңтүстік Қазақстанның киелі жерлері географиясы» атты 700-ге жуық киелі нысанға, сондай-ақ аудан, қалаларда орналасқан 100 монументті өнер туындысына QR-код бағдарламасы енгізілетін болыпты.
Республикалық «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының туристік тартымдылығын жақсарту да маңызды. Солтүстік және Батыс өңірлерде, Астана қаласында мәдени-туристік кластерді дамыту мақсатында «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» музей-қорықтарын құру жөнінде жұмыстар тездетілсе дұрыс болар еді.
Қазақстандағы «Таңбалы тастар» айрықша қорғауды қажет етеді. Ежелгі петроглифтер уақыт өте ескіргені аздай, табиғат пен адам қолынан келетін түрлі залалдан да зардап шегеді.
Тағы бір маңызды нәрсе бар. Республика бойынша 2014 жылдан бастап, барлығы 100-ден аса маңызды тарих және мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, реставрациялаудан өткен екен. Алайда реставратор мамандар даярлау ісіне көңіл бөлінбей келеді. Жоғары оқу орындарында реставрация жасайтын мамандарға мемлекеттік грант бөлінбейді. Бұл қалай болғаны сонда?
Ие болмаса кие қашады. Киелі жерлерге иелік ету – мемлекеттік мәселе.
Нұртөре ЖҮСІП