САҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІ: ШІРІК РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ
Шірік-Рабат қалашығы қазіргі Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым, Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 99 шақырым жерде, Жаңадарияның көне арнасынан сол жағалауындағы көлемі 850х600 м болатын, өзге төбелерден оқшау тұрған табиғи төбенің үстінде орналасқан.
Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Оның бүгінгі таңдағы тереңдігі 4,5 м-ге, ені 40 м-ге жуық болса, ал одан шыққан топырақтан сыртқы дуал тұрғызылған.
Шірік-Рабат сөзінің шығу тарихына (этимологиясына) пайымдау жасайтын болсақ, қала атауы орта ғасырлардан осылай атала бастауы ықтимал. Сөздіктерде түркі дәуірінде қолданылған «шеру» сөзі айтылады. «Шеру – жорық, әскер, салтанат; а) белгілі бір елдің қарулы әскері, жауынгер; б) жортуыл, аттаныс, қарулы қол, жасақ» деген мағына береді (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 12 том. Алматы, 1978 жыл).
Қазіргі таңдағы мағынасы топ болып жүру, бейбіт шеруге шығу. Яғни шеру сөзінің шығу төркіні әскери мағынада болған. Сонымен қатар шеру сөзімен түбірлес «шерік» сөзін алып қарайтын болсақ, ол – «(көне сөз) сарбаз, жауынгер, әскер, көп қол» деген мағынаны білдіреді. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2008 жыл).
Бұл нұсқа бойынша «шерік» дегеніміз әскери бөлім, жауынгерлер тобы. Енді шірік және шерік сөздерін қатар алып қарайтын болсақ, бір ғана дыбыс айырмашылығы бар. Қазақ тілінде сөздерде дыбыстардың көп өзгеріске ұшырайтыны секілді бұл жерде де «е» дыбысы ауызекі тілде «і» дыбысына ауысуы әбден мүмкін.
Шірік-Рабат қаласының сыртқы үлкен қамалының биік етіп соғылуы және қарауыл мұнараның жиілігі бұл жерде күшті әскери бекініс болғандығын көрсетеді. Сонымен қоса қаланың әскери стратегиялық ролі жоғары болған. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Қамал ішінен жебе ұштарының көптеп табылуы, қамал қабырғаларындағы садақ ататын ойықтармен қатар ішкі атқыштар галлереясының орналасуы да қалада әскерлер қосындарының шоғырлануының бір дәлелі. Демек бұл жерде әскери бөлім жасақтар-шеріктер тұрған. Енді Шірік-рабат сөзін Шерік-Рабат сөзімен ауыстырып қарайтын болсақ, «қала әскерилер қаласы немесе жауынгерлер тұрағы». Яғни көне қала атауын әскери жасақтар шоғырланған Шерік-Рабат қаласы деп атауға болады.
Беляевтың «Поперек Кызыл-Кумской пустыни» атты мақаласында да (Туркестанская ведомость, 1904, №10 и 31) қираған бекініс атауы Шерик-Рабат деп көрсетілген. Каллаур Шерик-рабат, Чиркрабат, Чирик-кала атауларын салыстыра отырып, бәрінің бір мағына беретінін, қала атауының кейінгі кезеңдерде осылай атала бастағанын жазады.
Қала атауының этимологиясының келесі бір түсініктемесі, Шірік-рабат қаласы атауының шығу тарихы сонау темір дәуірінен бастау алған. Сақ мемлекетімен қатар бір уақытта бірде табысып, бірде шабысып отырған өзі сияқты аса құдіретті Парсы мемлекеті өмір сүрді. Парсылар мен сақтардың арасында мәдени, саяси, сауда-саттық байланыстар зор болған. Осы парсы тілінде көнеден келе жатқан «шәрг» (шәрқ) сөзі бар, Шірік-Рабат атауы аталған ұғымнан шығуы ықтимал. «Шарг» сөзін қазақшаға аударғанда шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс деген мағына береді (Узбекско-русский словарь. Москва, 1959 жыл).
Шарг сөзінен қазақ тілінде өзгеріске ұшыраған шірік сөзі пайда болып, Шарг-Рабат , Шірік-Рабат болып өзгеруі мүмкін.
/жалғасы бар/
Елеуов ЕРКЕБҰЛАН,
Омар БЕКЗАТ
Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді
қорғау жөніндегі КММ-нің қызметкерлері