«ЖАС ҰЛАН» ҰЙЫМЫНДА ӨТКЕН КЕШ

Шараны ашқан мектеп-лицей директоры Бақыт Әбдіреева кешке қатысушыларды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. «Бұл Жеңіс біздердің майдангер аталарымыздың қанымен және тылда еңбек еткен ата-әжелеріміздің ауыр бейнетінің ащы терімен келген Жеңіс! Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ», - деді. Сондай-ақ ол, Мәдениет ауылынан сұрапыл соғысқа қатысқан, бүгінде арамызда жоқ жауынгер аталарымыздың жорық жолдарынан естелік айту үшін ауылдың ең қарт тұрғындарының бірі, тыл ардагері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Көптілеу Тоқсанов ақсақалға сөз берді. Ақсақал сонау 1945 жылдың көктемінде ауылға Жеңіспен оралған жауынгер аталарымызды есіне алып, ғибраты мол әңгімелер айтты.
Естеліктерімен бөлісуді ауыл ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ерділда Рахметов жалғады. Ол өзі көріп, мектеп оқушысы кезінен әңгімелерін тыңдап өскен жеңімпаз-жауынгер жерлестеріміз жайлы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Еске сала кетейік, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 2015 жылы көктемде «Мәдениеттік майдангерлер» атты кітап Алматыдағы «Leader Book» баспасынан жарық көрген еді. Жинақ авторлары – Мәдениет ауылынан шыққан қаламгерлер, ҚР Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Жұмабек Аққұлов пен ІІО-ның ардагері, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Болатбек Нұржанов.
Кездесуде оқушылар осы кітаптан үзінді оқыды. Осы кештегі ең әсерлі сәттердің негізгісі кітап кейіпкерлері – майдангерлердің немере-шөберелерінің әрқайыссы өз аталары жайлы үзінділер оқуы болды. Соңында «Мәдениеттік майдангерлер» кітабы авторларының бірі, ауыл тұрғыны Болатбек Нұржанов өзі көрген, әңгімелескен жерлес майдангерлер жайлы айтып берді.
Шара соңында әдіскер Гүлмира Бәйімбетова жетекшілік жасайтын «Жас ұлан» ұйымының өнерпаздары соғыс тақырыбындағы әндерді орындады. Әсіресе, Нұрислам Сарбалақов, Алина Ерланқызы, Гүлмира Қарымсақ және Бірғаным Марат және т.б. «жас ұландықтар» салған патриоттық әндерге қатысушылар ризалықпен қол соқты.
Кештен кейін мектеп басшылары мен ауыл ардагерлері, ұстаздар мен «жас ұландықтар» ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға қойылған ескерткішке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Әнел НҰРЖАН,
Жалағаш ауданы
Мәдениет ауылы
№32 І.Қабылов атындағы мектеп-лицейдің оқушысы