САҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІ ШІРІК РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ
Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі – Шірік Рабат қалашығы. Шірік Рабат қалашығы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған.
Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан. Шірік рабат сол заманда өмір кешкен халықтардың Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы – кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған.
Шірік Рабат қалашығын алғаш зерттеушілердің бірі С.Толстов (ХАЭЭ). Ол Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады.
Саг-дере – түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағына береді. Ал Шірік рабат қаласы Жаңадария өзенінің оң жағалауында жатқандығы белгілі. С.П.Толстов осындай дәлелдерді келтіре отырып Шірік-Рабат қаласы ерте ортағасырлық Саг-дере қаласы деп тұжырымдайды.
Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік Рабат қаласы ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Шірік Рабат қаласын зерттеу 1946 жылғы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясымен байланысты. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) 2004 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
/Жалғасы бар/
Елеуов ЕРКЕБҰЛАН,
Омар БЕКЗАТ
Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ-нің қызметкерлері