ЕРЛЕР ЕЛ ҚОРҒАУҒА АТТАНДЫ
Сыр елінің жас жігіттері сарбаз болуға әскерге аттанды. Көктемгі шақыру маусымына 45 ер жігіт ілігіп, әуе қорғаныс саласына алынды. Отан қорғаушыларды ата-аналары мен жақындары темір жол вокзалында шығарып салды. Бұл туралы «Қоғам ТВ» арнасы жазады.
Отанды қорғау әрбір ер азаматтың міндеті және қасиетті борышы. Бүгінгі әскерге шақырылған жастар осы парызын жете ұғып, адал атқаруға тәуекел еткендер. Өңірімізден 45 жігіт әскери талапқа сай деп табылып, әуе қорғаныс күштеріне аттанды. Олар барлық қиындыққа төзіп, ел тыныштығын қас қақпай күзетуге бел шешкен. Әскерге алынушылардың ата-аналары мен жақындары темір жол вокзалында шығарып салып тұрып, жас сарбаздарға ақ жол тіледі. Олар ер жігіттердің ел тыныштығын берік қорғайтынына сенеді. Әскерге аттанған сарбаздар ата-ана, туған өлкесінен жырақтап, енді әскер заңымен алдағы бір жылдарын өткереді. Енді олар бір отбасының емес, байтақ елдің ұланы болып саналмақ. Олар Отан алдында ант беріп, Тәуелсіз елдің тыныштығын күзетеді.