БАЛАҢЫЗДЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРМАҢЫЗ
Облыстық медицина орталығының дәрігерінің айтуынша, қазіргі ата-аналар өз баласын қараусыз қалдырған себебінен түрлі оқыс оқиғаларға тап болады екен, деп жазады «қоғам.тв» арнасы.
Балалар хирургиясы бөлімінде жатқан бүлдіршіндердің дені түрлі себеппен күйіп қалған. Мысалы, Айару есімді балапанның жасы 1жарымда. Денесін 38 пайыз күйік шалған. Қазалы ауданының тұрғыны. Алғаш ауруханаға түскенде ес- түссіз 15 күн жан сақтау бөлімінде болып, кейін палатаға шыққан. Қазір жағдайы жақсы. Десек те мұндай тағы бірнеше бала бар. Арсеннің де жағдайы мәз емес. Мойнынан бастап бар кеудесі күйген. Анасының айтуынша, ол да ыстық суды төгіп алған. Бөлімшедегі науқастардың бірі күйік шалған болса, енді бір құлап жарақат алған. Десе де жол көлік оқиғаларынан зардап шеккен жасөспірімдер де жоқ емес. Олардың бірі Ерұлан №212 орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Бас сүйегі, бірнеше қабырғасы мен аяғы морт сынған. Оның да қазір беті бері қарады. Жол көлік оқиғасын жасаған жүргізуші де, өз парызын орындап көмек көрсетіп жатқан көрінеді.