КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ
Қазақтың Ресей патшалығы құрсауынан босаған шақтағы өз жолын іздеу үдерісіне атсалысқан тұлғалар шоғыры қомақты. Баршасы да құрметке лайық. Бостандық үшін басын берген азаматтар арасындағы ерекше орны бар күрескерлердің бірі – Түркістан автономиясы үкіметінің бас министрі Мұстафа Шоқай.
Алаштың алып тұлғасы өз халқына қайта құру кезеңінен кейін оралды. Сонда қайраткер тұлға жөнінде ең алғаш болып мақала жазғандардың бірімін. 1990 жылы мамырда «Ана тілі» газетіне М.Шоқайдың сая¬¬си көзқарастарын терең айшықтамай, ғұмырбаяны мен еңбектері төңірегінде нақты деректер келтіре отырып, материал бердім. 1990 жылдың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетінде М.Шоқайдың саяси портретіне айрықша тоқталып, көлемді мақала жарияладым. Одан кейін жазушы Әнуар Әлімжанов қалам тербеді. Сең қозғалды, зерттеулер бірінен соң бірі шығып жатты. Алаш қайраткерінің есімі елге танылды. Алайда, мемлекеттік деңгейде ресми танылуы кемшіндеу. Десек те, 125 жылдық мерейтойы бұл олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймын.
Қайран Мұстафа Шоқайұлы, елі үшін қабырғасы қайысқан Ұлы Түркістандық, сонымен бірге асқан білімпаз да зиялы Еуропалық атанған асыл жан! Сондықтан, бұл кісінің жүрек жұтқан ерен еңбегін біз әділ бағалай білуіміз керек. Өз отандастарымызға, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне де оның гуманистік көзқарастарын, өмір жолын танытқанымыз жөн.
Мұстафа Шоқай – соңғы демі біткенше халық үшін жұмыс істеген адам. Өмірі сыртта өткеніне қарамастан, ол елдегі оқиғалардың барлығын жіті бақылап отырды. Азаттық қозғалысының теориясын жасаған, соны талдай білген Мұстафа еуропалық басылымдармен қатар, «Яш Түркістан», «Иени Түркістан» журналдарының бетінде де отандастарының өзекті мәселелерін үзбей көтерумен болды.
Репрессия кезінде жазықсыз жазаланған арыстарға жаны ашып, оны да жазып отырды. Бұл ретте Мұстафа Шоқай С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Меңдешевтердің, кеңестік баспасөз жазғандай, «Қазақстанды кеңестік Ресейден бөліп әкетуге тырысқан халық жаулары» болмағанын жазды. Сондай-ақ елдегі орын алып жатқан кемшіліктерге «нағыз ұлт жауы – кеңес өкіметі жауапты», ал «нағыз халық жауы – нақақтан жазаланып жатқандар емес, кеңестік жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар» деді.
Жалпы, Мұстафа Шоқай большевизм идеясының қазақ халқына қасірет әкелетінін о баста білді. Қазақ халқы 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жж. үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешті. Солардың салдарынан жалпы 4 миллион қазақ опат болды. Егер олар қырылмағанда, табиғи өсімді есептегенде, олардың саны бүгінде 10 миллионнан асар еді. Бұлар әрине, жасанды ашаршылық еді. Мұны Мұстафа Шоқай «Большевиктердің аштық саясаты» деп бағалады сол заманда. Ол қазақтың қанын, салтын жойып, «бақыт» орнатқысы келгендерге қарсы шықты. Тәуелсіздік үшін күресті. Осыны бәрі білуі керек.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, шоқайтанушы.