ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ СЫРБОЙЫЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Қызылордада «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыппен облыс педагогтарының тамыз кеңесі өтті.
Алдымен өңірлік білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері мен жетістіктері көрмеге қойылды. Көрменің негізгі мәні – инновациялық технологиялардың жалпы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісін дамытудағы ықпалын көрсету.
Дәстүрлі жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасының орынбасары Амандық Төлешов, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, меценаттар, аудан әкімдері мен орынбасарлары, ата-аналар, сала қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесі мектеп пен отбасы, ата-ана мен мұғалім, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас шеңберінен шығып, қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғалатын алаңға айналды. Білім беру саласындағы мәселе қанша рет талқыланса да, мағынасы жойылмақ емес. Жыл сайын күрделене береді. Жиылған жұрт өткен оқу жылын қорытындылаумен бірге аймақтағы білім саласының дамуы жөніндегі тың ойлары мен жаңа көзқарастарын ортаға салды.
Басқосу соңында қажырлы қызмет етіп, өз істерімен көпке үлгі болып жүрген ұлағатты ұстаздар марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, «Алтын ұя» балабақшасының меңгерушісі Қалдыгүл Шерімова, №240 орта мектеп директоры Сырайыл Жұманұлы, Шиелі индустриалды-агралық колледжінің директоры Мейрамхан Дүйсенов жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» белгісін иеленді. №124 орта мектеп мұғалімі Жұмагүл Оңғарбаева, Қазалы аграрлы-техникалық колледж директоры Темірбек Исмайлов, №14 мектеп-лицей мұғалімі Ғалия Құрымбаева, №183 орта мектеп мұғалімі Гүлнар Әшірова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды.