Қ.Ысқақов: "Байқоңыр" ойын-сауық туристік аймағы Қазақстанның туристік картасының топ-10 қатарына еніп отыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті ұйымдастырған "Қазақстандағы ғарыш күндері: Байқоңыр – әлемдік ғарышкерлік бесігі" халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов форумның ашылуына қатысты.
«Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы жыл сайын 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы іс-шараға әлемнің 25-тен астам елінен 650 қатысушы —Премьер-Министр А. Мамин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылары, ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, Қазақстан Республикасының ғарышкерлері, шетелдік мемлекеттердің елшілік өкілдері, «Роскосмос», «Airbus Defence and Space» корпорацияларының өкілдері, отандық және шетелдік ұйымдар: «М. В. Хруничев атындағы МҒҒӨО», «М.Ф. Решетнев атындағы АЖЖ» АҚ, «Транстелеком», «One Web», «Thales Alenia Space», SES, «Leica Geosystems, Satrec Initiative», «Eutelsat» және басқалары қатысты.
Шараның негізі мақсатының бірі - отандық ғарыш саласының жетістіктерімен бөлісіп, экономиканы дамыту үшін ғарыш қызметін пайдаланып, озық әлемдік тәжірибелермен алмасу.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың мамыр айында Қызылорда облысына сапары барысында Байқоңыр қаласын дамытудың тиімді тетіктерін анықтау және "Байқоңыр" еркін экономикалық аймағын құру қажеттігін атап өткен болатын. Соның ішінде "Ғарыш айлағының ауқымы мен бірегейлігі озық компаниялар мен перспективалы технологиялық стартаптармен жұмыс істеу үшін тамаша мүмкіндік беретіндігін" алға тартқан еді.
«Бүгінде "Байқоңыр "еркін экономикалық аймағын құру жөніндегі үкіметаралық келісімнің тұжырымдамасы мен жобасы дайындалды, мүдделі мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізілуде. "Байқоңыр" ғарыш айлағының туристік әлеуетін дамыту мақсатында "Байқоңыр" ойын-сауық туристік аймағын құру тұжырымдамасы, техникалық-экономикалық негіздемесі жыл соңына дейін әзірленбек. Оның аумағында шағын және орта бизнесті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау бағытында туристік объектілерді орналастыру көзделіп отыр. "Байқоңыр" Қазақстанның туристік картасының ТОП-10 қатарына еніп отыр», - деді облыс әкімі Қ. Ысқақов.
Сонымен қатар, форумда "Байқоңыр" еркін экономикалық аймағын құру жобасының тұсауы кесілді.