Елімізде медициналық қызметтерді сатып алу электронды форматқа көшіріледі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Келер жылдан бастап елімізде медициналық қызметтерді сатып алу электрондық форматта жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» медициналық қызметтерді сатып алудың веб-порталын іске қосты. «Бұл – қор үшін де, медициналық ұйымдар үшін де сатып алу рәсімдерін жеңілдетеді», – дейді мамандар. Яғни, қағазбастылық жоғалады. Енді бүгіннен бастап бүкіл ел бойынша тестілік сатып алулар басталады.
«Қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтерді бірыңғай стратегиялық сатып алушы ретінде бұл пилоттық жобадан үлкен үміт күтеді. Тетікті іске асыру кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі, сыбайлас жемқорлық факторларының пайда болу тәуекелі төмендейді және қағаз құжат айналымы алынып тасталады. Электрондық сатып алу рәсімі ашық түрде жүзеге асырылады», - дейді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова.