Қызылордада төтенше жағдайды жедел хабарлауға арналған «Darmen» мобильді қосымшасы іске қосылды (ВИДЕО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Енді қызылордалықтар төтенше жағдайды смартфондар мен планшеттер арқылы да жедел біле және хабарлай алады. Ол үшін ұялы телефонына «Darmen» мобильді қосымшасын жүктеп алса болғаны.
Аталған мобильді қосымша Android және iOS операциялық жүйелері үшін құрылған.
Сала мамандарының айтуынша, қосымша Қызылорда облысы аумағында төтенше жағдай қаупі төнген және туындағаны туралы халықты бірнеше секунд ішінде жаппай хабардар етуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта мобильді қосымша арқылы «Қазгидрометтің» ауа-райы мәліметтері жөнелтілуде. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалардың ата-аналары үшін балаларының қауіпсіздігі, елді мекендердегі электр жарығының өшірілуі туралы және тағы да басқа маңызды хабарламалар да таратылуда», – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Айгүл Нұрманова бізбен әңгімесінде.
«Darmen» мобильді қосымшасы қазіргі уақытта SMS-хабарламамен бірге пайдаланылуда. Бұл қосымшаны App Store және Play Market ұялы телефондарына арналған қолданбалар дүкендерінен жүктеп алуға болады.
Мобильді қосымша Android және iOS операциялық жүйесі базасында смартфондар мен планшеттердің барлық қолданушыларына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктеу үшін қолжетімді.