Қызылордалық жігіт өзін кемсіткен Жан Ахмадиевтің заң алдында жауап бергенін қалайды (ВИДЕО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жан Ахмадиевтің басы тағы да дауға қалды. Үнемі қоғамның түйіткілді мәселелерін қозғаймын деп соңында басы даудан арылмайтын қазақ рэпері бұл жолы қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жанның жеке басына тиіскен.
Дәлірек айтсақ, Жан Ахмадиев инстаграм парақшасында тойларда мүгедек жандарға ән айтқызуға қарсы екенін айтыпты. Осылайша ол қызылордалықтарға жіті таныс Сырдария ауданының тумасы Бақдәулет Әбділдәұлының суреттері мен видеосын жариялаған.
«Әлеуметтік желіде отырған ұлыма біреу Жан Ахмадиевтің посты туралы айтқан. Таңға жуық Ахмадиевтің парақшасынан өзінің суреттері бар видео мен жазбаны көрген ұлым «Мына жазба менің жаныма батты» деді. Себебі бұған дейін де түрлі пікір қалдыратындар болды. Бірақ елемеуге тырысатын. Осы жағдайдан соң жедел-жәрдем шақырдық», - дейді Бақдәулеттің анасы Ұлғаным Сүгірбаева.
Видеоны көргеннен кейін Бақдәулеттің қан-қысымы 200-ге дейін көтеріліп, ауырып қалған. Қазір ешкіммен сөйлесуге де зауқы жоқ.
Бала күнінен әнші болуды армандаған Бақдәулет 9 сыныпта жол апатына түсіп, мүгедек болып қалған. Арбаға таңылса да, арманынан бас тартпайды. Сахна мен тойға шығып, ән айтуын жалғастырады. Ол бұған дейін эстрада жұлдызы Ернар Айдармен республика сарайында дуэт орындаған болатын.
«Продюсерсымақтар тойға алып шығып, табақпен артынан ақша жинап кетеді деп жазыпты. Мен тойға шыққанның өзінде тек туыстарымның тойына шығамын. Онда да табақ қойылмайды. Арбада отырып үлкен сахнада Ернар Айдармен ән айтқанмын. Оны да айтып өтіпті», - дейді Бақдәулет Әбділдаұлы.
Бақдәулеттің анасының айтуынша, осы мәселеге орай оларды «Астарлы ақиқат» бағдарламасы қонаққа шақырған. Мәселені заң жүзінде шешуге бел байлаған ана заңгерлерден кеңес алу мақсатында бағдарламаға қатыспақ.
«Қазақпын деп ән шырқағаннан кейін, өзі қазақ бола тұра, інісіндей балаға демеу көрсетудің орынан неге мұндай қадамға барды деген сұрақ бізді мазалайды», - дейді Ұлғаным Сүгірбаева.
Жан Ахмадиевтің 31 арнаға берген сұқбатында ол өз ісіне өкінетіндігін айтқан. Оның айтуынша, бұл мұндай жағдайға алғаш рет тап болған көрінеді. Жеке басқа тиісуді жөн көрмейтін рэпер «Бақдәулеттен басымды иіп кешірім сұраймын» дейді.
«Жеке басына ауыр тиген болса, басымды иіп кешірім сұраймын. Өзім мұндай жағдайға бірінші рет тап болып тұрмын. Негізі өзім дін тақырыбы және жеке басқа тиісуден қорқамын. Бірінші рет жаздым, басым дауға қалып отыр», - дейді Жан Ахмадиев.
Бірақ Бақдәулет Әбділдаұлы Ахмадиевтың кешірім сұрайтынына күмәнмен қарайды. Себебі ол бірде-бір рет Бақдәулеттен кешірім сұрап хабарласпаған. Есесіне инстаграм парақшасындағы жазбаны дереу өшірген. Алайда Бақдәулет дәлел ретінде оның жазбасын өзіне сақтап алған. Енді Бақдәулет рэпердің хайп жасағанын тоқтату үшін заң алдында жауап бергенін қалайды.
Динара МАХАНОВА
Комментарии 1