«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алудың жаңа шарттары белгілі болды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Нұрлы жер" бағдарламасының жаңа нұсқасына қатысты мәліметтерді жариялады. Онда баспананың "баспалдақ жүйемен ұсыну" тетігі болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, жаңа бағдарламада баспананы барлығына бірдей қолжетімді етудің "баспалдағы" болады. Осы жүйе бойынша пәтерге зәру әрбір отбасыға табысына қарай үйлі болудың жолдары ұсынылады. Мәселен, "баспалдақтың" ең төменгі сатысында әкімдік кезегіне кіретін әлеуметтік осал топтар тұр.
"Біріншіден, табысы жоқ немесе табыс көлемі 1 күнкөріс деңгейінен, яғни 29 700 теңгеден төмен әкімдік кезегіне кіретін әлеуметтік әлжуаз топтарға сатып алу құқығынсыз арендалық баспана беріледі. Олардың ішінде жетім балалар, I және II топ мүгедектері, зейнеткерлер және тағы басқалар бар", - деді Мархабат Жайымбетов.
Ал әкімдік кезегінде тұрған адамның табысы отбасының бір мүшесіне 2 күнкөріс деңгейіне, яғни 59 400 теңгеге дейін болса, оған "Бақытты отбасы" бағдарламасының 2 проценттік несиелері ұсынылады. Осы топқа көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды асырап отырған жанұялар кіреді.
"Үшіншіден, кезекте тұрған отбасының бір мүшесі 3,1 күнкөріс деңгейінен, яғни 92 000 теңгеден жоғары табыс тапса, ондай адам әкімдіктердің "5-20-25" бағдарламасына, сондай-ақ, "7-20-25", "Баспана-хит", "Орда", "Өз үйім" және тағы басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Осының бәрі 2025 жылға дейінгі жаңа "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдармасында көрсетіледі", - деп атап өтті Мархабат Жайымбетов астанада өткен баспасөз мәслихатында.