БҰҰ өкілдері «Жусан» операциясын жоғары бағалап отыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан соғыс оты тұтанған аймақтардан өз азаматтарын қайтарып, оларды дұрыс жолға салуға барынша күш салып жатыр. Қазір бұл тәжірибеміз өзге елдерге үлгі. БҰҰ-ның өкілдері «Жусан» операциясын жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аида Саринаның отбасы арам пиғылдылардың арбауына түсіп, Сирияға кеткен. Бір жылдан кейін әуе шабуылынан отағасы қаза тапты. Ал Аида кішкентай ұлымен босқындар лагерін паналаған. Биыл жазда Қазақстанға жеткізілді. Қазір өзі секілді қилы тағдыр кешкен адамдарға көмектеседі. БҰҰ мінбесінен сөз алған Аида әлем әйелдерін өз қатесін қайталамауға, ал өзге мемлекеттерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды.
«Алғысымды білдіруге сөзім жетпей тұр. Ел арасында бізді қара киім киген тұйық адамдар деген пікір қалыптасқан. Мен осында бір мақсатпен келдім, біз де адамбыз, сондықтан қатарға қайта қосуға болатынын айтқым келеді. Бізге жалған идеологиядан арылып, дұрыс жолға тұруға дінтанушылар көмектесті. Сол себептен дінтану мамандығы бойынша оқуға түстім, болашақта осы жұмыспен айналысуды көздеп отырмын», - дейді репатриант Аида Сарина.
«Бұл операция аясында 595 азаматымызды қайтардық. Арасында 156 әйел, 406 бала мен 33 ер адам бар. 10 ер адамға қарсы сот аяқталып, жаза шығарылған. Тағы 14-іне қарсы сот процесі өтіп жатыр», - дейді «Ақ-Ниет» реабилитация орталығының директоры Әлім Шәуметов.
БҰҰ кеңсесінің «Қазақстан» залына жиналғандар «Жусан» операциясын бірауыздан қолдады. Олар жүздеген ананың Аида Сарина секілді тағдыр жазуын бастан кешкенін түсініп, еліміз бүкіл әлемге адамгершілік пен мейірімділіктің үлгісін көрсеткенін мойындады.
«Қазақстан өте қиын жағдайға түскен азаматтарын Таяу Шығыстан қайтарды. Елдері оларға болашаққа мүмкіндік беріп отыр, осы тұрғыдан көптеген мемлекеттерге үлгі көрсетті. Бұл тәжірибемен бөлісу қажет. Еуропалық елдердің көбісі Сириядан өз азаматтарын түбегейлі қайтарғысы келмейді. Бұл оларды ұмытып, қиындықта қалдырғанын білдіреді. Ересек адамдарды ойламасын дейік, ал балалардың не кінәсі бар?», - дейді халықаралық Қызыл Крест ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Николас Флери.
Қазақстандықтар Отанына оралғаннан кейін оларға заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетілді. Жетім қалған балалардың аты-жөнін анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізілді.
«Бұл балалар ешқашан да мектепте оқымаған, кітап ұстамаған, яғни балалардың білім деңгейін анықтау арқылы балалардың бәрін мектепке орналастырдық. Балабақша жасындағы балаларды балабақшаға орналастыру сияқты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осындай іс-шаралар ұйымдастырдық», - дейді ҚР БҒМ балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Қазақстан өз азаматтарын елге қайтару ісін жалғастырып жатыр. Жақында Ирактан тағы бір топ бала Отанына оралуы тиіс.