Қызылордада "Қазақы дүниетаным және ХХІ ғасыр" ғылыми-танымдық конференциясы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастырумен «Қазақы дүниетаным және ХХІ ғасыр» ғылыми-танымдық конференциясы болып өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері, ЖОО-ның және ОАОО-ның оқытушы профессорлары, басқарма басшылары, облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция аясында қатысушылар Достық үйінің фойесінде С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорындағы туындылардан "Кенеп бетіндегі ауыл көрінісі" атты көрмеvty танысты.
Атап өту керек, бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық аймақтарында бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша «Қазақтану» жобасын жүзеге асыруда. Жоба Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.
Ол Қазақстан жұртшылығының бойында біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілетуге бағдарланған.
«Біз жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз». Қазіргі кезеңде елдегі ынтымақ пен бірлік – басты құндылықтардың бірі. Тәуелсіздіктің баянды тірегі, дамудың даңғыл жолы,- деп алғы сөзін бастаған облыс әкімінің орынбасары Н.Сейітқалиұлы «Қазақтану» жобасының мән-мақсатын айтып өтті. «Бүгінде Қазақстан ұлы жұттан басталған зобалаңнан, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен үдере көшкен сан-мың ұлысқа ортақ шаңырақ бола алды. Репрессия жылдарында жер аударылып, қазақ халқының мейірімділігі мен көңілінің дархандығы арқасында өмір жалғасын тапқан этнос өкілдеріне, соңғы кездері елімізде ұлтымыздың құндылықтарын бағалау, оның насихатын арттырып, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ұстанымдарымызды жаңғырту, таныту бағытына қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында ұсыныс ретінде көтерілді. Аталмыш жобаның барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайтуда маңызы зор. Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құндылықтарын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу, жобаның негізгі мақсаты болып табылуда. Сонымен бірге, ұлттық құндылықтарымыз негізінде қазақ халқының ұлттық қасиетіне айналған қонақжайлылық, сенім мен достық секілді қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін күшейту.
«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының салтанатты тұсау кесу рәсімі Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен Ақмола облысында бастау алған. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған бұл жоба республикалық деңгейде маңызды. Конференцияның Сыр өңірінде өтуінде үлкен мән бар. Себебі, Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр елі, қазақы өмірдің әлі күнге қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан қасиетті, құтты өңір. Іргетасының қаланғанына 201 жыл болған Қызылорда қаласының мәдениет пен өркениеттің ордасы болуы тегін емес», - деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Алғашқы баяндаманы «Қазақы дінитаным және ұрпақ тәрбиесі» тақырыбымен Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, қоғам қайраткері Сапен Ансатов жасады. Ол конференцияның маңыздылығына тоқталып, Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құндылықтарын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу, жобаның негізгі мақсаты екендігін алға тартты.
Келесі сөз филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлына берілді. Ол «Сыр елі - руханияттың бастау бұлағы» тақырыбында ой өрбітті. Ұлы Абай мен Базар жыраудың шығармаларындағы көркем тілдің ерекшелігіне тоқталып,қазақтану, ұлттану бағытында жұмыстар аясын кеңейту керектігін ортаға салды.
Ал, Алматы қаласынан конференцияға арнайы келген өнертану кандидаты, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резникова «Образы кочевой цивилизации в живописи Казахстана» тақырыбында ой өрбітті. Ол қазақ халқының көшпелі өркениетін сурет өнері арқылы көрсеткен белгілі суретшілердің еңбектерін зерттеп, зерделеп, Петербургте, Вашингтонда қорғап шыққан болатын.
Сол еңбегін бүгінгі конференцияда қатысушылардың назарына ұсынды және Қазақстандағы көшпелілер өркениетін сурет арқылы әсерлі жеткізген Салихиддин Айтбаев, Қанафия Телжанов, Гүлфайруз Исмаилова сынды суретшілердің туындыларымен таныстырып өтті.
Түркістан қаласынан арнайылап келген филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Исаева «Ұлы дала паремиологиясы және ұлттық код» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ұлттық таным жаңғыруы үшін ең бірінші тіл жетілуі тиіс деді. Ана тіліміздің өнер бояуын жоғалтып алмау үшін, қазақтың әрбір мақалының мән-мағынасына терең бойлау керектігін назарға алды. Әрбір ұлттың өзіне тән іштей данышпан рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш - тіл екендігін шегелеп айтты.
Философия докторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің «Дәстүрлі өнер» институтының директоры Ғани Байулов «Қазақ музыкасының даму генезисі» тақырыбын қозғай отырып, жаңаша идеяларымен бөлісті.
Конференция соңы пікір алмасу, сұрақ-жауапқа ұласты.