Қызылордада газ құбырындағы апатты жағдай жойылды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кеше, яғни, 5 қараша күні «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының диспетчерінен Қызылорда қаласы Хон Бен До көшесі нөмірсіз мекен-жайда №6С газ таратқыш бекетіне КАМАЗ автокөлігі соғып, жоғарғы қысымды газ жүйесі зақымдалғаны туралы ақпарат түседі. Аталған ақпарат бойынша, газдың ауа шығуы, оқиға орнында өрт ошағы орын алғаны және 2332 абонент және 1 өндірістік кәсіпорын газбен қамтамасыз ету тоқтатылғаны хабарланған.
Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының жедел кезекшісі жедел әрекет ететін қызметтерді құлақтандырған.
Оқу-жаттығуды өткізудің жоспарына сәйкес оқиға орны қоғамдық тәртіпті сақтау тобының күштерімен қоршауға алынып, төтенше жағдай аймағында автокөлік қозғалысы реттелген.
Өртке қарсы қызметі автокөлікте орын алған өрт ошағын дер кезінде сөндіріп, құтқару тобы зардап шеккен жүргізушіні төтенше жағдай аймағынан медицина қызметкерлеріне жеткізеді.
Газ жүйесіндегі авариялық-техникалық командасы зақымдалған жоғарғы қысымды газ жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қала тұрғындарын уақытылы газбен қамтамасыз ету жүзеге асырылып, оң шешімін тапты.
Шараға 8 құрылым, 19 техника, 96 адам қатысқан.