Ақпараттық талдау орталығы – билік пен халық арасындағы кері байланыстың дәнекері (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, елдің тұрақты дамуында әлеуметтік зерттеудің алар орны ерекше. Оған дамыған мемлекеттердегі қоғамдық пікірді зерттеу мәдениетінің қалыптасуы, билік пен халық арасында кері байланыс қағидатының орнығуы әлел. Бұл үрдіс Қазақстанда да кең қанат жайып үлгерді.
2011 жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС жанында жұмыс істеп келген ақпараттық талдау орталығы облыс әкімінің 2019 жылғы 10 шілдедегі №8 қаулысына сәйкес облыстық Ішкі саясат басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ болып құрылды. Бүгінде мекеме жұмысының нәтижесі басқармада басты көмекші құрал ретінде қолданылып жүр.
Орталық директоры болып саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев тағайындалды. Ол бұл қызметті 2013 жылдан бері атқарып келеді. Орталық әкімшілік, ақпаратты жинау және өңдеу, талдау және болжау бөлімдерін қамтиды. Мұнда 26 адам қызмет атқарады, барлығы жоғары білімді, басым көпшілігі әлеуметтанулық зерттеу жүргізуден хабардар.
Зерттеудің бұл түрі – орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда аймақтың әлеуметтік, экономикалық салаларындағы фактілер мен құбылыстар зерттеледі. Бұл өзекті мәселелер, түрлі түсініспеушіліктер мен наразылықтардың алдын алады. Сонымен қатар, билік пен халық арасындағы таптырмас байланыс құралы деуге болады.
Орталық мақсатқа жету үшін төмендегідей қызмет түрлерін жүзеге асырады:
– маңызды мәселелер мен тақырыптар бойынша әлеуметтанулық зерттеу (сауалнама, фокус-топ, эксперттік сауалнама, тереңдетілген сұхбат) ұйымдастырып, жүргізу;
– зерттеу әдістемесі мен құралдарын құрастыру, соның ішінде интервьюерлерге арналған құжаттар әзірлеу;
– зерттеудің далалық кезеңін дайындау және жүргізу, соның ішінде мамандар жұмысын ұйымдастыру, оларға арнап тренинг өткізу, дерек жинау, сұхбат жүргізушілердің жұмысын қадағалау және бақылау;
– сандық дерек енгізу және өңдеу;
– сандық деректі талдау;
– сапалық зерттеу дерегін талдау, ауқымды мәтіндік дерекке мазмұндық талдау жасау;
– зерттеу нәтижесі бойынша презентация жасау және өткізу;
– зерттеу нәтижесін сараптап, ұсыныс беру;
– құндылықтар мен қоғамдық өмірдің түрлі сұрақтары бойынша қоғамдық пікір, болжам және сенімді зерделеу;
– облыс тұрғындары үшін өзекті және алдағы уақытта ушығуы мүмкін өткір мәселелерді анықтау;
– облыс орталығы мен аудандардың қоғамдық-саяси ахуалы жөнінде мәлімет базасын қалыптастыру;
– зерттеу және сараптама қызметін жетілдіру, мамандарды әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету үшін семинар-тренингтер ұйымдастыру;
– еліміздегі өзге ақпараттық-сараптамалық орталықтармен байланыс орнату.
Аталған қызметтер орталықтың маңыздылығын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Мекеме облыстың қоғамдық-саяси ахуалын жан-жақты зерттеуге, өңірдің тұрақты дамуына үлес қоса бермек.