Қызылордада жоғалып кеткен балалар ойын-сауық орталығынан табылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада үйінен шығып кеткен 8 және 11 жастағы екі бала тәртіп сақшыларының көмегімен табылды.
Қала тұрғыны полиция басқармасының кезекші бөліміне екі жасөспірімнің үйінен шығып кетіп қайта оралмағаны жөнінде хабарлаған.
Балаларды іздеу үшін Қызылорда қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция құрамы жұмылдырылып, барлық полиция учаскесіне бағыт-бағдар берілген. Жоғалған балаларды іздеу үшін адамдар көп жиналатын орындар, шатырлар мен қараусыз қалған ғимараттар тексерілді.
«Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұрлыхан Рахменшиев пен аға инспектор, полиция капитаны Әлия Нұрмағанбетова, полиция капитаны Бауыржан Тобағабыло балаларды қала орталығындағы ойын-сауық орталығынан тапты. Екі баланың ата-анасына ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Онда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы жағдайы көрсетілген», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.