Қызылордалық зияткерлер жүлделі оралды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шымкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында волейболдан желілік спартакиада өтті. Жарыста қызылордалық зияткер спортшылар жүрделі ІІ орынды иеленіп, үздік ойыншы номинациясын жеңіп алды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдары арасында ұйымдастырылатын бұл сайыс биыл 2 рет жалауын желбіретті. Турнирге Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Шымкент және Қызылорда қалаларынан 7 команда қатысып, бақ сынады.
«Бұл шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа тарту. Сондай-ақ, бұл ойын қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік меткептер желісінің құрама командасы жасақталып, олар республикалық және халықаралық деңгейдегі ойындарда мектеп намысын қорғайтын болады», - деді команда жетекшісі Владислав Вепрев.
Аймақтық кезеңде барлық командалардың ойындары тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің ұлдар командасы иеленді. Ал ІІ орынды сырбойылық зияткерлер қанжығасына байласа, І орынды Алматыдағы физика-математика бағытындағы мектеп жеңіп алды.
Турнир кезінде ерекше ойын көрсеткен Қызылорда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Әбілхайыр Ерғалиев «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.