Руслан Рүстемов: Саяжай аумағындағы жол мәселесі өзекті тақырыпқа айналды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов «Facebook» әлеуметтік желісінде аудан орталығындағы «Теплоснаженец» саяжайы аумағын аралап көргендігі жөнінде айтты.
«Теплоснабженец» саяжайына бардым. Саяжай аумағындағы жол мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті тақырыпқа айналды. Жолдың жөндеуді қажет ететінін саяжайға келушілер әлеуметтік желіде де бірнеше мәрте көтерген еді. Осыған байланысты бюджеттен тыс көздерден, яғни демеушілердің қолдауымен саяжай жолына тас төселінді. Бүгін сол жұмыстарды көзбен көріп, саяжай аумағын араладым», - деп жазады аудан әкімі.
Аудан әкімі мәлімдегендей, саяжайға кіреберіс 400 метр жерге тас төселген. Талапқа сай жұмыстар жүргізілгеннен кейін аудан әкімі алдағы уақытта бұл жол тұрғындарға қиындық туғызбайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар саяжайға елді мекен статусы берілмегендігін айтты.
«Жалпы, «Теплоснабженец» саяжайына елді мекен статусы берілмеген. Өйткені, тұрғындардың саны жетпейді. Сол себепті, бұл маң бас жоспарға да енбеген. Яғни, бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігі жоқ. Бірақ, біз тұрғындардың қажеттілігі үшін тиісті шаралар қабылдап, жұмыстар жүргізетін боламыз. Саяжай аумағын аралау барысында жолдың жиегіне шашылған қоқыстарды аңғардым. Осы ретте, саяжайға келушілерді тазалықты сақтауға шақырамын. Мүмкін саяжайға барар жолды ретке келтіру мақсатында арнайы сенбілік ұйымдастырғанымыз жөн болар», - дейді Руслан Рүстемов.