Қос басылымның 90 жылдығына арналған дойбыдан жарыста Жұматәлі Әбдіраман жеңімпаз атанды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қасиетті Сыр елінің басты ақпарат көздеріне айналған облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарының 90 жылдық мерейтойларына орай ардагерлер арасындағы дойбыдан өткен жарыстың жеңімпаздары анықталды.
– Биылғы жыл – Қызылорда облысының руханияты мен баспасөз саласы үшін үлкен айтулы жыл. Өздеріңіз еңбек еткен, терлеріңізді төккен, бүкіл өмірлеріңізді арнаған облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері 90 жылдық белесті бағындырып, үлкен мерейтойына арналған шаралар легін бастап кетті. Қос басылымның тойы 28 қараша күні республикалық деңгейде атап өтіледі. Бүгін осы үлкен тойдың алдында өздеріңіздің бастарыңызды қосып, баталарыңызды алсақ деген ниетпен дойбыдан шағын жарыс ұйымдастырып отырмыз. Себебі, араларыңызда осы қос басылымда 40, 50 жыл еңбек етіп, бүкіл өмірін осы газеттерге арнаған азаматтар бар. Олардың орны қашанда биік тұрады. Сіздерге деген құрметіміз шексіз, – деген болатын жарыстың ашылу салтанатында «Сыр медиа» серіктестігінің Бас директоры Аманжол Оңғарбаев.
Ардагерлер арасындағы дойбы жарысына Қайырбек Мырзахметұлы, Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбеков, Еркін Әбіл, Жұмагүл Оралбаева, Жұматәлі Әбдіраман секілді қос басылымның 6 ардагері қатысты.
Үш сағатқа жуық тартысты өткен жарысқа «Сыр медианың» дойбыдан бірнеше дүркін чемпионы Сәбит Көшербаев төрешілік етті.
Жарыс қорытындысында қарсыластарына дес бермеген Жұматәлі Әбдіраман жеңіске жетті.
Екінші орынды Айжарық Сәдібекұлы иеленсе, үшінші орынға Әскербек Рахымбекұлы тұрақтады.
Жеңімпаздарды медиахолдингтің Бас директоры Аманжол Сақыпұлы марапаттап, қаржылай сыйлықтарды табыс етті.