Қазақстанда қанша жас жұмыссыз жүр?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазір республикада 3 млн 800 мыңнан астам жас бар, бұл жалпы халық санының 21 процентін құрайды екен. Қазақстанда жұмыссыз жүрген жастар саны 81 мың адамды құрайды. Бұл туралы бүгін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"2019 жылдың екінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 процентті немесе 81 мың адамды құрады", - деді Абаев мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, жұмыспен қамтылған 2 миллионнан аса жастың арасында 77 проценті – жалдамалы қызметкерлер. Оның ішінде 388 мыңы – сауда саласында, 253 мыңы – ауыл шаруашылығында, 239 мыңы – білім саласында, 218 мыңы өнеркәсіп нысандарында еңбек етеді. Ал қалған 23 проценті – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
"Жастар жұмыссыздығымен байланысты проблемаларды шешу үшін "Жас кәсіпкер" және "Жас маман" жобаларын қоса алғанда, бірқатар бағдарламалық шара көзделген", - деді министр.
Сондай-ақ, Абаев "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша мамандарға берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (252 мың теңге) дейін ұлғайтылғанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанда үш миллион сегіз жүз мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халық санының 21 проценті. Жас өлшемі бойынша 1 миллион 181 мың жас ювеналдық топқа жатады – бұл 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдар.
Постювеналды топқа – 19-дан 23 жасқа дейінгі 1 миллион 161 мың азамат жатады. 24-29 жас аралығындағы ересек топ бір жарым миллион адамды құрайды.