Мәжіліс депутаты «Бақытты отбасы» бағдарламасына жас отбасыларды енгізуді ұсынды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «Бақытты отбасы» бағдарламасына жас отбасыларды енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баспана мәселесін қарастырған кезде «Бақытты отбасы» бағдарламасына көбалалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен қатар, жас отбасыларды да қосу керек», - деді депутат.
Осы орайда ол бұл қадам жас отбасылардың берік болуы, олардың өз елінің дамуына толыққанды жұмыс істеуі үшін қажет екенін атап өтті.
«Министрліктерде қызмет ететін бір маманға тоқталсақ, ол жоғары білімін елімізде, екіншісін шетелде алып, елде жұмыс істеуге келеді. Министрліктегі еңбекақысы 90 мың теңге шамасында. Бұл ақшаға ол отбасындағы екі баласын асырап, жалдап отырған пәтеріне төлеуі тиіс болады. Осы орайда жас мамандар қиын жағдайға тап болатыны анық», - деді З. Балиева.
Бұл тұрғыда депутат аталған бағдарламаның бюджетін 10 есеге арттыруды ұсынды. Яғни, «Бақытты отбасы» аясында тиісті қаржыландыруды ескерген жөн.
«Осы шаралар арқылы жас отбасыларды сақтап қаламыз, екіншіден, олар өздерінің ақшасына осы пәтерді сатып алуға барынша тырысады. Менің ойымша, бұл бағытта тиісті қадамдарды бірлесе пысықтаған дұрыс болады», - деді ол.