Қызылорда облысында көз жұмған инспектордың артында үш баласы қалды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысына браконьерлердің соңына түсемін деп мерт болған «Охотзоопром» инспекторы Әділ Кенжеғұловтың денесін жер қойына тапсырды. Ер адамның бұл салада жұмыс істегеніне бір жыл да болмапты. Марқұмның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
«Бүкіл өмірі алда еді. Оған үлкен үміт арттық. Балаларын жақсы көретін әке, ата-анасының қадірлі ұлы, қамқор аға болған еді. Артында кәмелет жасқа толмаған үш баласы әкесіз қалды», - дейді марқұмның ағасы Боранбай Тұрбаев.
Марқұмның үйіне көңіл айту үшін апта бойы жан-жақтан келіп жатқандар көп. Инспекторды өлімінен кейін 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Охотзоопромдағылардың айтуынша, марқұмның отбасына 12 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар сақтандыру компаниясы Кенжеғұловтың балалары кәмелетке толғанша ай сайын әрқайсысына айлығы көлемінде төлем төлейді.
«Биылғы жылы Әділ қызыл кітапқа енген ителгіні заңсыз аулаған шетелдіктер мен өз азаматтарымызды ұстады. Ол браконьерлермен барын салып күресетін еді. Өзін өз ісінің нағыз әрі мінсіз маманы ретінде көрсете білді», - дейді «Охотзоопром» ӨБ-нің Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Берік Жорабеков.
Еске сала кетсек, қазанның 25-іне қараған түні Қызылорда облысында 34 жастағы инспектор браконьерлерді қуу кезінде көз жұмған еді. Браконьерлерді қуып келе жатқанда, инспекторлар мінген көлік аударылып қалған.