Аналар кеңесінің мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Аналар кеңесі мүшелері аудан тұрғындарына арналған семинар өткізді.
«Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Рахима Ахметова «Қоғамдағы ана рөлі» тақырыбында әңгіме өрбітті. Сөз барысында шараны ұйымдастыру мақсаты, өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік көмек туралы, жұмыспен қамту мәселесі, сонымен қатар, масылдық түсініктен арылту маңыздылығына тоқталып кетті.
«Көп балалы аналарға мемлекет тарапынан нақты қолдаулар жасала бастады. Жағдайы төмен көп балалы отбасылар үшін атаулы көмек мөлшерінің артуы – үлкен игілік деп білеміз. Бұған қуанғандар қатары көп болды. Әйтсе де сол атаулы көмекті аламыз деп ажырасу әрекетіне дейін барып жатқандар көбейіп кетті. Әлеуметтік көмек аламыз деп, осындай шетін қадамдарға барса, құндылықтар қайда қалады? Жалтақтық пен жалқаулық бойымызды билей берсе, отбасы құндылықтарын жоғалтамыз. Масылдыққа жол бермей асылдығымызды сақтайық. Ел еңсесі еңбекқорлықтың арқасында биіктейді. Сондықтан еңбек етіп, берекемізді арттырайық», - деді Рахима Ахметова.
Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева сөз алды.
«Отбасы құндылықтары мен ұлт тәрбиесі, қоғамдағы ананың рөлі, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар мен бала тәрбиесіне қойылатын талаптар, осы және өзге де отбасылық мәселелер туралы сөз қозғады. «Қазіргі қоғамда ана-әйелдердің алар орны ерекше. Бүгінгі күні аналар саясатты да, бизнесті де, үй шаруасын да қатар алып келеді. Қоғамдағы бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенім әйелдерге байланысты. Отбасы шағын мемлекет. Адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі отбасында өтеді. Аналар кеңесінің түп мақсаты отбасы, неке мәртебесін дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау. Осы уақытқа дейін Аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен түрлі форматтағы 100-ге жуық шара өткізіліп, оған 5000-нан астам адам тартылды. Облыстық Аналар кеңесі жас отбасыларға әлеуметтік-психологиялық кеңес беру орталығымен, «Сыр аналары» қоғамдық қорымен, «Шаңырақ» жас қыз-келіншектер ұйымымен, «Абысындар» клубымен, Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Қыз Жібек» қыздар клубымен тығыз байланыста жұмыс жасайды», - деп облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің атқарған біршама жұмыстарына тоқталып өтті.
Семинар аясында аудан тұрғындарына отбасылық құндылықтарды жүзеге асыру, дәстүрлі қазақ тәрбиесі туралы ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылып, өмірлік тәжірибелер ортаға салынды.