Бекболат Тілеуханның келіні «ХАҚ» деген партия құрды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева саяси алаңда жаңа «ХАҚ» деген партия құрып жатқанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Тоғжан Қожалиева бұл партияның артында тек өзі тұрғанын айтуда.
«Ол рас, біз «ХАҚ» партиясын құрғалы жатырмыз. Қазір соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, біз оны әлі партия деп жарияламаймыз. Біздегі саясаткерлердің көбі қателік жібереді. Партия құрамыз деп жұртты жинап, пресс-конференция өткізеді. Бірақ, құрамыз деген сөзден басқа ештеңе жоқ. Не бағдарламасы жоқ, не жарғысы жоқ, не алдына қоятын мақсаттары мен жоспарлары жоқ. Сол қателікті қайталамас үшін біз қазір партияның бағдарламасы мен Жарғысын жасап жатырмыз. Біз партиямыз халыққа танымал болу үшін алдымен іспен дәлелдемекшіміз. Партияның ісі ел аузына іліге бастағанда партия құруға болады», - дейді Тоғжан Қожалиева.
Қазіргі таңда Тоғжан Қожалиева жеке кәсіппен айналысады. Алдағы уақытта құрғалы отырған партияны осы кәсібі арқылы қаржыландырмақ екен. Сонымен қатар партия құрамына енетін танымал тұлғалардың да тізімі жуырда белгілі болатынын айтты.«Партияның мақсаты жүйені қалпына келтіру. Қазақстанның әрбір азаматының жағдайы жақсаруы үшін жүйені қалпына келтіруіміз қажет. Біз бөлінбейміз. Жақсы болсын, жаман болсын биліктегілер өз қазағымыз. Сол сияқты билікке қарсы ДВК да өз қазағымыз. Біздің ең басты мақсатымыз конструктивті реформалар жүргізу. Біз билік пен халықтың ортасына көпірміз.», - дейді ол.
Атауына қарап «діни партия болады ма? деген сауалға Қожалиеваның жауабы да дайын болды.«Негізі заң бойынша діни партия құруға болмайды. Діни жағынан, ұлттық жағынан, жыныстық жағынан партия құруға рұқсат жоқ. Біз неге діни партия болып шектелуіміз керек? Біздің қатарымызда орыс та бар, еврей де бар. Кім Қазақстанның жағдайының жақсарғанын қалайды, біздің партияның есігі ашық», - деді Қожалиева.
Партияның артында кім тұр?Тоғжан Қожалиева бұл партияның артында тек өзі тұрғанын айтуда.
«Біздің партияның артында тек қана өзіміз тұрмыз. Біз алаяқ, өзіндік көзқарасы жоқ адамдар емеспіз. Маған көп айтады, менің артымда қайынағам Бекболат Тілеуханов тұр,- деп. Өйткені келіндерімін ғой. Сатыпалды туралы бірінші рет естіп отырмын. Дариға да тұр деп те естимін. Халық саясаткер әйелге үйрене берсін деп Тоғжанға партия ашып беріпті-мыс. Мен Тимур Құлыбаевта сегіз жыл жұмыс істедім. Сондықтан, Құлыбаевтың да партиясы деп айтады. Дархан Кәлетаевпен түскен суреттеріме қарап, Тоқаевтың немесе АП-ның проектысы деп те айтады. Біз туралы аңыздар көп. Мұхамеджан Тазабеков туысқанымыз. Ол кісілердің біздің партияға қатысы жоқ. Олардың көзқарастары бөлек. Менікі бөлек.Біз ешкімнің де жобасы емеспіз! Біз – Қазақстан халқының партиясымыз. Біздің девиз – халыққа Адал Қызмет. ХАҚ!», - деді ол.