Қармақшы ауданында гептил отыны бар «Протон» құлады (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Протон» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығудың мақсаты «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран-тасығыштардың апат болған жағдайында, төтенше жағдайлар туындаған кезде іс-қимыл әрекеті, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдарының, күштері мен құралдарының дайындығын пысықтау болып табылады.
Аталған шараға республикадан 8 өңір қатысты. Себебі, зымыран-тасығыштардың ұшу жолдары Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Нұр-Сұлтан қаласының үстінен өтеді. Ал оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару штабы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ахуалдық орталығында орналасқан.
Оқу-жаттығу барысында басқару органдарының, АҚМЖ аумақтық және салалық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарының зымыран-тасығыштардың аварияларына байланысты төтенше жағдайды жою жөніндегі міндеттерді орындауға дайындық және өзара іс-қимыл деңгейі анықталды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран тасығыштардың аварияларына байланысты төтенше жағдай туындаған кезде Орталық және жергілікті атқарушы органдардың бағынысты Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару бойынша өзара іс-қимылы жолға қойылды.
Оқу-жаттығуға республикалық азаматтық қорғау қызметтері - орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, облыстық Азаматтық қорғау қызметтері, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері қатысты.
Оқу-жаттығу теориялық, практикалық мәселелерді пысықтау және оқу орындарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру арқылы екі кезеңде өткізілді.
Шараның алғашқы кезеңінде әрбір өңірге бес кіріспе берілді. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде Қызылорда облысы үшін негізгі кіріспе болып гептил отыны бар «Протон» зымыранының Қармақшы ауданының аумағына құлауы анықталды.
Екінші кезеңде зымырандардың апаттарына әрекет ету кезінде практикалық іс-әрекеттерді пысықтау бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Практикалық іс-әрекеттер Қармақшы ауданы Дерментөбе елді мекені Ресей ТЖМ Федералдық өрт қызметі арнайы басқармасының «Байқоңыр» кешенінде өтті. Бұл тактикалық оқу-жаттығуы «Ғарыш Экология» РМК, Қызылорда облысы ТЖД, «Өрт сөндіруші» АҚ және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ұйымдастырылды.
Бұл кезеңде зардап шеккен халықты эвакуациялау бойынша іс-әрекеттер, сондай-ақ гептилді детоксикациялау, бүлінген жер учаскелерін қалпына келтіру және зымыран-тасығыш апаты ауданында ауыл шаруашылығы және үй жануарларын диспансерлеу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Айта кетейік, соңғы 10 жылда ел аумағында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымырандардың 2 штаттан тыс ұшыруы орын алған. 2013 жылғы 2 шілдеде «Глонасс-М» 3 ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышы кенеттен ұшу бағытын өзгертті және құлағаннан кейін ғарыш айлағының аумағында жарылған. Төтенше жағдайдан соң зымыран құлаған жерде өрт орын алған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ғарыш айлағының персоналы эвакуацияланды. Сонымен қатар былтыр 11 қазанда «Союз-ФГ» зымыран-тасығышын ұшыру кезінде «Союз-МС-10» басқарылатын көлік кемесі бөлгеннен кейін апаттық жағдай орын алды. Зымыран-тасығыш Қарағанды облысының Ұлытау ауданына құлаған. Соның салдарынан ғарышкерлер Ұлытау ауданына шұғыл қонуға мәжбүр болды.