Қызылордалық қорықшы Әділ Кенжеғұловтың отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Қызылорда облысына арнайы келіп, аймақ басшысы Қ.Ысқақовпен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы қызмет барысында қайтыс болған Әділ Шарапатдинұлы Кенжеғұловтың отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.
Кенжеғұлов Әділ Шарапатдинұлы 1985 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2019 жылы 25 қазанда браконьерлердің ізіне түсу кезінде, апатқа ұшырап қайтыс болды.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен облыс әкімі Қ.Ысқақов марқұмның үйіне барып, отбасына көңіл айтты.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Ә.Ш.Кенжеғұлов қайтыс болғаннан кейін, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев пен облыс әкімі Қ.Ысқақов Әділ Кенжеғұловтың отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.
Шара "Достық" үйінде өтті. Оған ата-анасы, жары мен балалары, барлық әріптестері, достары қатысты.
"Жайқалған табиғатымыздағы тіршілік иесі, қорғансыз жан- жануарларды қорғауда биылдың өзінде елімізде бірнеше қызметкер қаза тапты. Өкінішке орай осындай кезекті рейдтік іс- шара барысында 25 қазан күні табиғатты қорғау саласының қызметкері Әділ Шарапатдинұлы бауырымыз қызметін өтеу кезінде заңсыз аңшылыққа шыққан азаматтарды ұстау барысында, бейбіт күнде апатқа ұшырап, мезгілсіз дүниеден өтті. Бейбіт күннің батырын біз еш уақытта ұмытпаймыз. Отбасына, туған туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Елім деп еңбек еткен, әбір ісіне жауапкершілікпен қараған азаматтарымызды үнемі жадымызда ұстаймыз. Б.Момышұлы айтқандай "Елін сүйген жауынгер ер болады" демекші сіздердің отбасыларынызда көрегенді тәрбие алған Әділ Шарапатдинұлы отанға, елімізге адал қызмет жасап, бейбіт күнде батырлық көрсете білді. Өзіннің замандастарына, келер ұрпаққа өшпес өнеге көрсетті.Найзағайдай жарқ еткен өмірінде, марқұм бауырымыз үлгілі отбасы ретінде елге таныла білді. 29 қазандағы Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстаймыз",- деді аймақ басшысы.
"Кезекті кезекшілік кезінде оңай олжа іздеушілердің ізіне түсіп, олардың қолға түсуіне әрекет жасауы, оның өзінің кәсібіне адалдығының бір көрінісі деп білеміз. Өкінішке қарай оның ғұмырының қысқа болуына Сіздермен бірге күйзелеміз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікті қатаңдату бойынша нақты тапсырмалар берді.Бүгінгі күні инспекторлардың қызмет барысында құзыретін кеңейту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту және браконьерлерге қатысты қылмыстық жазаны күшейту бойынша бірқатар заңнамаға өзгертулер енгізіледі",- деп атап өтті М.Мырзағалиев.