Қазақстанда 350 мыңдай адам құмар ойынға салынған
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елімізде құмар ойынның шырмауына 350 мыңдай адам ілігіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жеңіл табысқа құныққандар ұтылған ақшасын қайтарамын деп, соңғы 4 жылда 200-ден аса қылмыс жасаған екен. Оның ішінде қарақшылық шабуыл мен тонау бар. Ойынқұмарлықпен күресу үшін қазір Мәжіліс депутаттарының қарауында «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы жатыр. Бұл құжат қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?
Депутаттардың қарауына түскен заң жобасында казино мен ойын залдарына арналған жаңа үш аймақ құру көзделген еді. Мәдениет министрлігінің ұсынысы – бұл. Бірақ мәжілісмендер үшін бұл тым артық болса керек. Бурабай мен Қапшағайдағы «Лас-Вегастар» ойыншыларға жетер деген тоқтамға келді.
«Жаңа казино аймақтарын ашу бұл туристік бизнесті дамытуды көздемейді. Бір ғана сандарды сөйлетейін. Кезінде Қапшағайда 20 шақты казино жұмыс істейтін. Қазір олардың саны төрттен аспайды. Егер бұл ойын залдарында ойнауға Қапшағайдың өзіне адамдар келмесе, басқа жерде, мәселен, Маңғыстау облысында сұраныс болады, деп кім айтты. Сосын лото-клубтар мен лото-автоматтар жастар арасындағы игромания проблемасын шешпейді. Сондықтан біз жаңа заң жобасында лоторея бизнесінде қолданылатын автоматтарды казино аймақтарына шығаруды қарастырып отырмыз», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев.
Депутаттар казино аймақтарына букмекерлік кеңселерді де шығаруды меңзейді. Айтуынша, олар да жеңіл ақшаға құныққандарды ойынқұмарлыққа үйір қылып отыр.
«Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа заң жобасына қарсылық көрсететін мақалалар көп жазылып жатыр. Меніңше, мұның артында әлдебіреулер тұрған секілді. Мысалы, бұл тотализаторлық кеңселердің иелері болу мүмкін. Бірақ бұл құжат ставкаларды тіркеу орталығын құрып, букмекерлерді казино аймақтарына шығаруды көздейтінін түсіну керек», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев.
Заң жобасы әлі қызу талқыланатыны белгілі. Осы орайда қазақстандық ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында екенін айта кету керек. Құмарпаздыққа тәуелді азаматтар ұтылған ақшасын қайтару үшін амалсыздан заңсыз айла іздейтінін де білген жөн.