Мәртебелі мәуліт айы басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кешеден бастап мәуліт айы басталды. Ал һижри 1441 жылдың рабиғул әууал айының 1-і. Мұсылманша аталатын Рабиғул әууал айының 11-нен 12-не қараған, яғни қарашаның 8-нен 9-на қараған түні хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келген күні. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 2019 жылғы діни күндер күнтізбесінде жазылған.
«Мәуліт айы рабиғул әууал айының басталуымен бастала ма, әлде пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнімен бастала ма?» деген сауалға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы: «Рабиғул әууал айының басталуымен мәуліт айы басталды» деп жауап берді.
Елімізде біршама уақыттан бері ҚМДБ тарапынан мәуліт айы ерекше аталып, халықтың руханиятқа деген таным-түсінігі артып келеді. Тілінде кәлимасы бар исі қазақ баласына «Мұхаммедтің есімі» таныс, өмірі өнеге.
Бұл құрмет Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамнан (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла Тағала жіберген елшілердің соңғысы, әрі сардары Мұхаммедке лайықталған. Мұхаммедті (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім дейді ғұламалар.
Қазіргі уақытта Мәуліт айы бүкіл мұсылман әлемінде мейрам түрінде өткізіледі. Мысыр, Ливия, Иордания, Тунис, БАӘ-де мәуліт мейрам ретінде тойланады.
Ал Пәкістанда пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні үш күн бойы тойланады. Көптеген мемлекеттерде рәбиғул-әууәл айы бойы мәуліт тақырыбында уағыз-насихат жүргізіледі. Барлық жерде адамдар мешіттерге барып, онда Құран, мәуліт туралы жазылған жырлар оқылып, пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі жайында мәліметтер айтылады.
Мәуліт негізінен арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Күллі адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам мәуліт мерекесі деп аталады.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегеге толы өмірі мен мағыналы өсиетін, тағылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс.
Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың жолы. Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбар хақында: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят), — деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнінде үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
Мәуліттің тойлануы ислам ғұламалары тарапынан жоғары бағаға ие болған.
Имам Науауи: Жыл сайын Пайғамбардың (с.ғ.с.)) туылған күніне сәйкес келетін осы күндер де істелетін садақалар, жақсылыққа шақыру және адамдар бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы, — деген екен.
Имам Ахмад риуаятында: «Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте: «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Алла Тағала алдында да жақсы болады», — делінген.
Ал Жүнайд Бағди: «Кімде кім Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», — деген.
Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім»,- десе, Жалалуддин ас — Суюти (р.а.): «Бір үйде немесе мешітте Пағамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», — дейді.
Бұл айда оқылатын арнайы намаз жоқ. Десе де пайғамбарға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтып, сәлем жолдаудың сауабы мол. Бұл туралы Құранда «Ахзаб» сүресінің 36-аятында: «Шынында да, Алла мен Оның періштелері Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» — деп бұйырады.
Қазіргі таңда барша мұсылман қауымы үшін екі дүниенің сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін тәлім-тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуге мүмкіндік жасалып келеді.
Сауапты іске жұмылғандар салауатты іс-шара өткізуге де сараңдық танытып отырған жоқ.
Мәуліт кешін ұйымдастыру жоғары деңгейде қалыптасып келеді деуге негіз бар. Мәуліт айы баршаңызға құтты болсын! Жақсылықтың жаршысы болып табылатын рухани айда көңілдеріңіз қуанышқа толсын!