Нұржан Қалжан Руслан Бөлебайдың қазасына неге өзін кінәлі санайды?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сахнадан біршама уақыт көрінбей кеткен әнші Нұржан Қалжан өзімен бірге жол апатына түсіп, қаза тапқан досы танымал журналист Руслан Бөлебайды есіне алды. Қайғылы жағдайды ауыр қабылдаған өнер иесі сол қаралы күнге қатысты ойлар өзін әлі күнге дейін мазалайтынын жасырмады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Нұржан Қалжан 2009 жылы орын алған жол апаты салдарынан жақын досы Руслан Бөлебайдан айырылған.
Әнші өмірін тас-талқан еткен оқиғаға қатысты іштегі өкінішін айтты.
"Өкінетін сәт өте көп. Керек десеңіз, "Русланның орнында мен болуым керек еді" деген сәттер де болды. Русланды сондай қатты қимадым. Оның үйіне барған кезде де анасының қатты қиналғанын көріп, сондай да ойлар келген. Төле би көшесімен келе жатып, Гагаринамен оңға бұрылдым. Оған дейін де бір көше бар еді ғой, сол Жароковпен неге бұрылып кетпедім деген ойлар мазалайды. Сол оқиғалар қатты өкіндіреді. Сол кезде олай емес, былай істеуім керек еді деп жиі ойлаймын. Немесе Руслан шақырған кезде бармауым керек еді деген ойлар өте көп" , - дейді Нұржан Қалжан.
Эстрада жұлдызы өзімен жол-көлік оқиғасына тап болған досының қазасы жайлы қалай естігенін де айтып берді.
"Русланның қайтыс болғанын маған ешкім естірткен жоқ. Ауруханада жатқан кезімде барлық өнер өкілдері, ағаларым келіп, жағдайымды сұрап жатты. Анам мен жақындарым оларға "бәрі аман деп айтыңдар" деген ғой. Ол кісілер "Русланға барып қайттық. Одан кейін саған келдік" деп айтып жатты. Жақсы болған екен деп жаттым. Шынында сендім. "Телефонын беріңдерші, хабарласайын Бауыржан екеуіне" десем, олар "әлі жансақтау бөлімінде, сөйлесе алмайды" деп алдап келді. Содан көңілім де, бәрі де дұрыс болып келді. Бір күні жатсам, түс көремін. Түсімде Руслан марқұм екеуміз бір жерде жүрміз. Қыздар бар, бір отырыста билеп жүр екенбіз. Билеп жүрсем қасымда Руслан жоқ болып кетті. Далаға шықсам, онда да жоқ. Содан "біреудің үйіне кетті" деді. Сол үйге барыппын артынан іздеп, сол үйде қап-қара түсті бір туфлиі тұр екен. Бір туфлиі бар, бір туфлиі жоқ екен. Содан бірден атып ояндым, Русланның қайтыс болғанын білдім. Қазір сол жол апатынан кейін, мойнымда темір бар. Сол дұрысталып өзіме келе бергенде әкем қайтыс болды" , - деп есіне алды әнші.
Досының қазасынан енді есін жинағанда, әншіге әкісінің өмірден өткені де ауыр тиген.
"Әкемнің өлімі өте қатты тиді. Тіпті, өнерден емес, өмірден түңіліп кеткендей болдым. Әлі күнге дейін есім алсам, көзіме жас келеді. Себебі, менің әрбір жүріс-тұрысым, үстімдегі киімім мен қолымдағы сағатыма дейін әкем өзі таңдап, алып беретін. Ол кісі ауырып кетсе де жарайды ғой. Оған іштей дайын болатын едік. Ауырып жүр ғой, кетіп қалады ғой деп дайын болып жүретін едім. Бірақ, бұл жолы да жол апаты ғой" , - дейді өнер иесі.
Айта кетейік, бұған дейін Нұржан Қалжан өнерден кетіп қалуының себебін алғаш рет айтқан болатын.