Қазалыдағы құрылысшылар қазасы: полицейлер не дейді?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кеше сағат 16:30 шамасында Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында салынып жатқан құрылыс нысанынан екі жұмысшы абайсызда құлаған.
Олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екінші жұмысшы ауруханада қайтыс болған.
«Оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 156-бабының 4-бөлігіне сәйкес (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сарапталамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда», делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кентінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысанында 2 ер адам мерт болғанын хабарлаған болатынбыз.