Абайлаңыз, алаяқ-лоторея!
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазіргі кезде қазақ эстрадасының жұлдыздары өздерінің дүние-мүліктерін сатудың оңай жолын тапқан. Бірі көлігін, енді бірі баспанасын саудаға салып жатыр. Дәлірек айтар болсақ, мыңдаған адамға билет сатып, лоторея ойнатуда. Бағы жанған ұтысқа ие болады. Алайда соңғы уақытта «әлдекімнің лотореясына қатысамын деп алданып қалдым, бұларға сенім жоқ, өз таныстарына береді» деген секілді пікірлер де көбейіп кетті.
Осы мәселеге қатысты журналист Арман Сқабаұлы да «Facebook»-тегі парақшасында пікір білдірді.
«Ашқұрсақ халықты алдау оңай. Елдің тұрмыс-тіршілігі төмендеген сайын "аңқау елге арамза молда" да көбейе ме деймін. Қазір әлеуметтік желіде "лоторея ойнату" деген бәле қатты белең алды. "Он мың теңгеге билет алсаң автомобиль ұтасың, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатамыз" деген жарнамадан көз сүрінеді. Еспанов деген әнші тіпті 20 көлікті ұтысқа қойыпты. Жалпы құны 61 миллион теңге! Бұл не деген "батпан құйрық"!», - дейді ол.
Арман Сқабаұлының айтуынша, елімізде лоторея ойнатуға жалғыз ғана оператор-компанияның қақысы бар екен. Мемлекет сол компанияға ғана заңды түрде рұқсат берген.
«Қалғандарынікі заңсыз. Халықты алдау. Заңды белден басу. Заңды бұзғандар онда неге жазаланбайды? Салық төлемей миллиондарды қалтаға басқандарға тиісті органдар неге көз жұмады? Бұл сауалдардың жауабын бүгін Парламенттегі дереккөзден алдық. Алаяқтар, абайлаңыздар! Енді "Лоторея қызметі туралы заңға" толықтырулар енгізілген соң "лоторея-лохотроннан" пайда тапқыш Еспанов және сол секілділер мемлекетке 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (500 000 теңге) айыппұл төлейді. Ұтысы тәркіленеді. Оған көнбей жұртты алдауды жалғастыра берсе жазасы тіпті ауырлайды. Ал, аңқау халқыма айтарым-алаяқ-лотореядан алыстау жүрейікші! Алданып болдық қой! Бізді кім алдамады? Ендігі қалғаны "Еспановтар" еді», - дейді Арман Сқабаұлы.