Келер жылдан бастап әлеуметтік көмек қалай төленеді?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек қалай берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай табысы аз отбасыларға төленеді. Алайда АӘК тағайындаудың жаңа тетіктері әр отбасына жеке тәсілді ұсынады. Негізгі принцип - мемлекет шынымен көмекке мұқтаж адамдарға көмектеседі.
“Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрдемақы емес, табысы аз отбасылардың қаржылық жағдайын жақсартуға және дағдарысты еңсеру үшін олардың ресурстарын ынталандыруға бағытталған қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету” делінген хабарламада.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес АӘК ұсынудың жаңа тетіктерін әзірледі, олар мыналарды көздейді:
- АӘК көрсетуге арналған қолданыстағы шекті өлшемді сақтау, яғни, жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік күнкөріс деңгейінің 70% -дан аз отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгіне алады;
- АӘК отбасының барлық мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыстар мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Осылайша, табысы аз отбасылардың балаларына төленетін бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі төлемдерден алшақтау жоспарланып отыр;
- АӘК алатын отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуге тиіс. Олардың жұмысқа орналасуы үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының барлық тетіктері қолданылады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлеу тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылады;
- АӘК-тің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін азаматтардың тоқсан сайынғы өтініштерін қайтадан енгізу ұсынылады. Бұл қосымша құжаттарды жинауды талап етпейді. АӘК тағайындау үшін мемлекеттік органдардың деректер қорында толық мәліметтер болған жағдайда тек жеке куәлігін көрсету қажет;
- отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту. Қазіргі уақытта министрлік мұқтаждықты анықтау критерийлерін әзірлеуде. Отбасы белгіленген критерийлерге сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссия АӘК көрсетуге мұқтаждықтың жоқтығы туралы қорытынды шығарады, бұл уәкілетті орган тарапынан оны тағайындаудан бас тарту үшін негіз болады.
Қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілді. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерімен қатар, АӘК төлеу тетіктерін түзету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда барлық көпбалалы отбасылар үшін олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы мен табысы аз отбасылардан шыққан балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілетін болады.