Мейрамкүл Өтегенова: «Еңбек Ері» атағына лайықты жан
XX ғасырда қазақ әдебиетінде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар, әдебиеттану ғылымына зор үлес қосқан қаламгерлер көп. Сондай жазушының бірі, сол салаға жаңа леп әкелген, ақ қағазға өз халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шынайы түсірген, кейіпкер сомдауда даралығымен, ерекшелігімен көзге түскен қуатты қалам иесі – Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Жазушы өзінің естелігінде: «Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы, күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен қай күні туылдым деп сұраған едім, Оны қайтесің? – деді. Комсомолға өтейін деп едім. – Ит біліп пе? Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарынын жарған сиырдың етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін деген еді» деді жарықтық әкем. Оныншы сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды», – дейді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов ауызекі сөзге сараң, кірпияз, кез келген жерде сөйлей бермейтін, әркімге ашыла қоймайтын, томаға тұйық, тұйық аспандай терең кісі. Ағынан жарылып ешкімге шешіліп сөйлей қоймайды. Абыз ағамыз қөңілінен шыққан жауһар лебізді сыр сандықта сақтай бермей, екшеп, ықшамдап, желісін де бұзбай, қаз-қалпында қағазға түсіріп, көпшілікке ұсынғанды жөн көреді. Осындай шынайы оқиғаларды көркемдеп жеткізу – жазушыға ғана тән қасиет болды.
Ақ патшаның қазақ халқына деген озбырлығын да, Ұлы Отан соғысының сергелдеңін де өз көзімен көрген жазушы айбынды шабытын бірден роман жазудан бастайды. Ғасыр басындағы зобалаңға арналған «Қан мен тер» романы оқырман жүрегіне бірден жол тауып, қалың жұртшылықтың сүйікті кітабына айналады. Уақыты өзгергенімен, оқырман қолынан түспейтін шығарманың басты тақырыбы – халықтың әлеуметтік жағдайы. Бір ғана Еламан бойынан қазақ деген халықтың қайтпас қайсарлығын, өр мінезін, ешкімге дес бермес дербес мінезін көріп жазушы шеберлігіне таң қаласың. Бір жағынан Еламан басындағы қаншама қиыншылықты оқи отырып шынайы жаның ашыса, екінші жағынан өр халыққа біткен өр мінезді, намысқойлықты көріп қуанасың. Еламан бойынан көкірегі ояу жан бейнесін кездестіреміз, я ол оқымаса да Құдайменде байдан қорықпайды, өз басының қамынан гөрі ел жағдайын, халық қамын бірінші қояды. Жазушы сомдаған әртүрлі кейіпкерлер бейнесі өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Бетпе-бет кездесіп отырғандай әсер аласың.
Қуатты қалам иесінің жанкештілігі сондай, әлемге әйгілі шығармаларды дүниеге әкелді. Сөз өнері – киелі өнер. Қалам ұстағанның бәріне бірдей бұйыра бермейтін үлес осы Әбдіжәміл Нұрпейісовке беріліпті. Бұл Әбдәжәміл Нұпейісовтің ірі тұлға екенін көрсетеді. Сөз өнерінің киелілігін сақтау ой тереңіне сүңги алатын, көкірегінен шыққан әрбір сөзге жауап бере алатын, сонысымен қаламгердің ғана қолынан келеді.
Бүгінгі күні дүниенің төрт бұрышына атағы жайылған, әлемге әйгілі Әбдіжәміл Нұпейісов – әдебиетіміздің деңгейін әлемдік биікке көтеруге үлес қосқандар қатарынан. Суреткер ретінде Әбдіжәміл Нұрпейісов ғасырдың осынау алапат та асқақ болмысын, өзінің кіндік қаны тамған жұртын мысалға ала отырып нағыз өмір тілімен шығармалар жазып шықты.
Жазушының өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «ХХ ғасыр және қазақ әлемі» деп те атауға болады. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем де татымды дүние.
Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу – жазушы ғұмырының «Соңғы парызына» айналды. Бұл шығармалар әлем оқырмандары алдында қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатты. Беделін көтерді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің асқаралы биігі, абызы және сол уақытта өзінің туған жері – Арал өңіріндегі ажал аузында жатқан теңіздің азалы жоқтауын жазған жазушы.Әуелі «Сең» романы болып басталып, кейін «Соңғы парыз» дилогиясына айналған шығармада негізінен көтерілген мәселе – Арал тағдыры болғанымен, одан бұрын Адам тағдыры терең суреттеледі. Табиғат экологиясы мен рухани экологияны қатар өрбіткен кесек туындыдан адам мен қоғам мәселесінің әлеуметтік, рухани, моральдық шиеленісін көреміз. «Хас жазушының негізгі ерекшелігі – өзінің көркем образын, көркем бейнесін тірі адамның деңгейіне жеткізуге ұмтылу» - десек, жазушы дегеніне жеткен.
Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген.
Жазушының шығармасын туған жерінен бөлек алып, жеке дара қарастыруға болмайды. Арал – Әбдіжәміл Нұрпейісов үшін мәңгі махаббатына айналған өлке. Жазушының шығармасы оның туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысты. Арал мен Арал балықшыларының тағдыры – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бүкіл шығармаларының үзілмес арқауы.
Жақында жазушының 95 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Бұл-әділ баға, туған халқының жазушы еңбегін бағалауы. XX ғасыр басындағы халықтың тартқан азабын бейнелейтін «Қан мен тер», ғасыр ортасындағы Ұлы Отан соғысын суреттеген «Курляндия», ғасыр соңындағы сүргінді көрсеткен «Соңғы парыз» романдары әлі де талай оқырман жүрегіне жол табары сөзсіз.
Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілді. Халқына қаламымен, сөзімен қызмет етудің үлгісін жан-жақты көрсете білген қаламгер – Әбдәжәміл Нұрпейісов – Еңбек Ері атағына лайықты жан.
Алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі шығармалары ғылыми – зерттеу еңбектерінің, фильмдер мен қойылымдардың арқауына айналары сөзсіз.
Мейрамкүл ӨТЕГЕНОВА,
ұстаз