Әдебиетшілердің Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы пікірлері
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында әлем әдебиетшілері мен өз жазушыларымыз қандай пікірде болды? Бірі «оның шығармалары еліктіріп әкетеді» десе, енді бірі «ірі суреткер» деп баға берді. Осы орайда тоқсанның бесеуіне келген жазушыға берілген баға, айтылған пікірлерді оқырман назарына ұсынбақпыз.
«Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді».
Андре СТИЛЬ,
француз жазушысы
«...Нұрпейісов пен Әуезовті салыстырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітаптар тақылеттес.
«Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көрсететін көпмәнді эпиграфты тектек-тек қолданып отырған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да заманауи әдебиеттегі үлкен шығармалармен қатар қоюға әбден болады».
Луи АРАГОН,
француз жазушысы
«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті «қазақ әдебиетінің Шолоховы» деуге болады».
Аугуст ВИДАЛ,
испаниялық әдебиет сыншысы
«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».
Герольд БЕЛЬГЕР,
аудармашы, сыншы
«Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған «зая ғұмыр әдебиеті» деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді».
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.