Нағашыбай Төлепов: Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің Шолоховы
Әбдіжәміл Нұрпейісов – халық арасынан шыққан дарынды жазушылардың бірі, Сыр перзенті. Жазушылық Әбдіжәміл Нұрпейісовке табиғаттың берген сыйы, басына қонған бақ. Ә.Нұрпейісов жайында үлкен бір алқалы жиында Сәбит Мұқанов былай деген болатын: «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді»,-деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен. Иә,әрине, қарымды қаламгердің шығармалары қашан да өміршең болып қала бермек.
Осыдан көп жылдар бұрын «Новый мир», «Памир» деген қос журнал Сырдария мен Әмудария алқабына ғалымдар мен әдебиетшілердің сапарын ұйымдастырған болатын. Бұл жәй ғана саяхат емес жұртшылықтың назарын тартылып бара жатқан апатқа аударып, әрекет етуге шақыру еді. Олардың ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те болды. Жазушы сол кезеңде Алматыдан Аралға барған болатын. Ондағы ойы Арал балықшыларының тағдыры жайлы кітап жазу еді. Қаламгерге көптен бері ауруы меңдеген адамдай азап шегіп жатқан Арал теңізі шығармашылық шабыт берді. Құм суырған құла түзде қайраңда қалған балықтай бұлқынып, бар күш-жігерін жинап Аралдың тілім-тілім қақ айырылған қайраңын, аралдықтардың ауыр тағдырын жазу арқылы дүниеге «Соңғы парыз» келді.
«Соңғы парыз» – алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы табиғат сыйы – Арал теңізінің қасіреті туралы кітап. Дала, табиғат, теңіз – Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығының өзекті де негізгі арқауы. Маң даладағы төбе-төбе ақшағыл қалың құмның ортасындағы көз тартарлық көгілдір айнадай көсіліп жатқан осынау көк теңіз жаратқанның нағыз шеберлігінің бір көрінісі дерсің. Кейбір ғалымдардың айтуынша, ол мөлдірлігі жөнінен дүние жүзінде тек Эгей теңізінен кейін ғана тұр екен. Әрине, осындай теңдесіз теңіздің қасіреті көңіл құлазытары анық.
Бірақ, менің шығармамдағы көтерілер мәселе Арал жайлы емес, Адам тағдырының экологиясы турасында болмақ.
Дала психологиясының энциклопедиясы атанған «Соңғы парыз» –тұнып тұрған мінездер галереясы. Олай дейтін себебім, жазушы үш қана кейіпкер арқылы олардың жан дүниесін табиғатпен байланыстырып, психологиялық тұжырым жасайды. Мұндағы Жәдігер, Бәкизат, Әзім үш тағаны «Махаббат үшбұрышын» құрайды.
«Экология» терминін әркім әрқалай түсінеді. «Экология» тек табиғатқа ғана қатысты сөз емес. Дүниедегі кез келген нәрсе табиғат секілді қандай да шешуі қиын мәселеге ұшыраса, соның бәрі – экология.
«Соңғы парыздағы» соңғы деталь – сең үстінде шырылдап ұшқан торғай – автордың көк теңіздің тағдыры үшін жан ұшыра салған жан айқайы әрі үзілмеген үміті іспетті. Шырылдаған торғай ең алдымен, Жәдігер жанының көкке ұшқанын бейнелейді. Содан соң торғай – Аралдықтардың үкілеген үміті, асқақ арманы, «Теңіз қайтып келеді» деген халықтың зор сенімінің символы.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» оқи отырып, жұдырықтай жүрегім дір ете қалғаны рас. Бұл шығарма оқырман қауымына тәтті шәрбатқа кенет түз сеуіп жібергендей әсер қалдырады. Ащы шындықты, шешімі үлкен күрделі экологиялық мәселені сараптай отырып, шығармадан өмірдің тылсым дүниелерін аңғардым.
Өзінің туған жері, туған елі, туған өлкесі жайлы қалам тартпаған жазушы жоқ шығар,сірә! «Соңғы парыз» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Аралмен арыздасуы, арыздаса отырып, адамзатты рухани апаттан сақтандыруға шақыру еді. Бұл өмірде ең әуелі адам, туған жер тағдыры мен ұлттық құндылықтар шешімін табуы керек. «Соңғы парызда» жазушы осыны қазаққа айтуды парыз санағандай.
Қорыта айтқанда, жан-жүрегіңмен аялап сүймесең, тағылық танытып таптап өтсең, табиғат сырқатқа ұшырайды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы, Арал қаласында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш орнатылған. Ескерткіш – Жәдігер мен Бәкизаттың мұз үстіндегі қалпын суреттейтін символикалық композиция. Қазіргі кезде бұл ескерткіш пен жазушының мұражай үйі сөз бен ойдың парқын түсінетін ордаға айналған.
Толқыған теңіз барда, дымқыл, таза ауа жұтатын Арал халқы қазіргі күні шаңы бораған қалада өмір сүруде. Осындай жағдайлар көз алдымда болып жатқандықтан, менің жүрегім қан жылайды. Жоғарыда көрсетілген мәселелер «Арал теңізі мүлде жоқ» деген сөз емес, әрине. Теңіздің тамшысындай – Кіші Арал бар, теңіздің ізі болған – Көкарал бар. Көк теңіздің ұланы болғандықтан, Аралымның тағдырына алаңдаймын, «Аралдың арнасы толса ғой» деп армандаймын. Біз болашаққа деген үмітімізді үзбейміз. Табиғат-Ана теңізді қайтарады. Менің оған сенімім мол. Көк теңіз арнасына толады, Арал қайтып келеді... Арал тартылып кетсе де, біз онымен қадірлі жүрек арқылы, алпыс екі тамырымыз арқылы байланыстымыз.
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақ пейіл ана секілді
Алдымда жатыр далам кең!
Сырласып жібек самалмен,
Желпінсе жүрек жаңа әнмен.
Теңізше жаным кең шалқып,
Теңізше толқып қалам мен-деп,
Зейнолла Шүкіров ақын айтпақшы, қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қай шығармасын алсақ та, шынайы өмірдің көрінісін көреміз. Жазушының Арал халқына,қазақ еліне сіңірген еңбегі орасан зор. Әбіш Кекілбаевтан кейінгі қазақтың классик жазушысы, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Еңбек ері» атағын алғанына мен ерекше қуанамын. Еліне еңбегі елене берсін! Жазушыдан әлі талай тамаша шығармалар туады деген сенімдемін.
Нағашыбай ТӨЛЕПОВ,
әдебиетші.