Гүлзина БЕКТАС: Халқы үшін отқа да, суға да түскен қаламгер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке Еңбек Ері атағын берді. Бұл атақ ұлтқа қызмет етудің ұлы үлгісін көрсеткен сөз зергеріне беріліп отыр. Қаламгер қауым «Әбе» деп биікке көтерген жазушыға жасалған құрмет қазақ әдебиетіне жасалған құрмет деп білеміз.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков өз Әбесі жайлы «Бір қызығы, Әбекеңнің өз айтуынша, 1-сыныпқа барып, он шақты күн ғана оқыпты. «Бірінші сыныпты бітіргенде екі-ақ әріпті біліп шықтым. Үш сыныпқа шейін, 50-60 күн оқыған шығармын. Сөйтіп, бастауышты бітірдім» деп айтады. Сөйтіп жүрген Әбекеңді 16 жаста соғысқа алып кетті. «Курляндия» романын жазуына осы соғыстағы жылдары себепкер болды. «Курляндия» кейін «Күткен күн» болып ауысты. Бір қарасаңыз, Әбекең – бала, бір қарасаңыз дана. Ол туралы шетелдік азаматтар да көп жазды, «Қазіргі заманның Шолоховы» деп те жазғандар бар. Шын мәнінде, «Абай» романынан кейін қазаққа осындай бір үлкен, дәуір тынысын білдіретін роман керек еді. Оны Әбекең жазып шықты. Сол роман жазу үшін қанын төкпеген шығар, бірақ қаншама терін төкті. Әбекеңнің бір қасиеті – ешқашан да шығармашылыққа селқос қарап көрген емес. «Соңғы парызын» бірнеше атпен шығарды. Әуелі «Із» болып жарияланып еді, кейін «Соңғы парызға» ауысты. Қазір оның да атын өзгертіп, «Бір күн, бір түн» деп атапты. Бұл кітабы жақында «И был день, и была ночь» деген атпен Мәскеуде жарық көрді. Әбекең аудармаға ешқашан салғырт қараған емес. Әлі күнге дейін «Қан мен терді» іреп, іріктеп, екшеп, редакциялап жатыр. Қайта қараған сайын «әттеген-айы» көп болады. Заман өзгерді. Қоғам басқа дегендей. Өткен ғасырдың елуінші жылдары шыққан шығарма болған соң, әрине, өзгерістер болады. «Соңғы нұсқасын жазып біттім» деді жақында. Мүмкін соңғы 17 нұсқасын оқып үлгермеген шығармын, бірақ мен үшін бірінші нұсқаның орны бөлек. Одан кейін Әбеңе ешқашан редактор ұнап көрген емес. Баспа тарихында тұңғыш рет «Қан мен тер» редакторсыз шықты. Бір де бір редакторды ұнатпады. Кітабы редакторсыз шыққан тұңғыш адам Әбекең болып тарихқа енді. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықты алған тұңғыш қазақ болса, ол одан кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығын бірінші алған адамның бірі. Тірі жазушылардың арасында бірінші болып моласын да салдырған адам. Әбекеңнің өз әдебиет әлемі бар. «Менің жазудан басқа ешқандай мақсатым жоқ» деп айтады. «Құдайдан жыл сайын 31 желтоқсанда бір жыл ғұмыр бер деп сұраймын» деп жүрген Әбекең де 95-ке келді. Жасай берсін, жасай беріңіз, Әбеке!» дегім келеді.
Белгілі жазушы Смағұл Елубаев Нұрпейісов шығармашылығымен 1961 жылы танысады. Онда мектепте оқитын кезі. «Кітап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені біздің жан-жүрегімізді романның бірінші бетінен бастап-ақ Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды.
«Қан мен терден» кейін біз Ақбала мен Еламанды ұмыта алмадық. Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түскіміз келді. «Қан мен тер» кейіпкерлері Ақбала мен Еламан, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қален, санаға басқан мөрдей жатталып қалды. Сонда бұ не? Бұ не сиқыр? Сөйтсек, бізді арбаған бұл сыр кітаптың авторына, Әбекеңе Алла берген суреткерлік сиқыр екен. Содан арада зымырап жылдар өтті. Жиырмасыншы ғасыр аяқталуға жақындады. Көз алдымызда заман кенет күрт өзгерді. Кешегі әдебиет алыптарының ойы тұрмақ түсіне кірмеген заман басталды. Бұрын жұрттың қолынан кітап түспейтін болса, енді жұрттың қолынан телефон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың орнына айфон ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы, кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кетті. Көрсе, құсалықпен өтер еді. Бірақ байқап қарасақ, арамызда біреу жүр, сол алыптардан қалған. Солардың қоста қалдырып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз... Ол – анау-мынау емес, Әбдіжәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жалғыз жаяудай, арамызда жүр. Бүгінгілерге мүлдем ұқсамайды. Бәріне кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да, күңіренеді. Күңіренбей қайтсін?! Қайда қараса да, көзіне телефон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді. Өздерінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді. Бірақ көпке топырақ шаша алмайсың.
Бір күні қараса, айфон деген пәле өз қолында да отыр. Ал құтылып көр! Жұртты жаппай жаулаған бұл кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық, нұсқалық. «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климанджаро қарларын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жазғанда өзі де осы стиль жағында болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы парызды» емес, айфонды оқып отыр?! Сонда... Апыр-ау, сонда не болғаны?! Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.
Ақыры «Қан мен терді» қайта қолға алды. Енді өз романына өзі мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан... не болды дейсіз ғой? Содан... бір бітпейтін жұмыс басталды да кетті. Романның май басқан беттерін сылып ала бастады. Ширата бастады. Бұл жұмысқа қамшының сабындай қысқа ғұмыры жетпейтін болды. Содан ал кеп Алладан сұрасын, ғұмырымды ұзарта гөр деп. Қанизесі кең Құдай берді сұрағанын. Жұмысы аяқталғанша, мәулет берді. Және жоғарыдан бақылап тұрды. Сөйтсе, бұ пенденің жұмысы аяқталар түрі жоқ. Анау-мынау емес, ширек ғасырға созылды. Тек жақында жас 95-ке таяғанда нүкте қойды «Қан мен терге»...
Бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қазақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәміліне айналды. КСРО атты алып империя оған «Қан мен тер» үшің өзінің ең жоғары Мемлекеттік сыйлығын берді.
Сөйтіп, Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылысшылары туралы роман жазуды күтті. Яғни, алғыс күтті. «Жазып жатырмын» деді Әбекең. «Коммунизм құрып жатқан Арал балықшылары туралы екі томдық роман жазып жатырмын» деді. Компартия мәз болды. Екі томдық алғыс естимін деп. Әбекең «Соңғы парызды» шығарды. Бұл Компартияға айтылған екі томдық алғыс емес, екі томдық қарғыс болып шықты. Компартия Әбекеңнің төбесіне әңгіртаяқ ойнатпақ боп дүрсе қоя берді. Бірақ омақаса құлады. Сол құлағаннан мол құлады, тұрмады. Әбекең партбилетін жыртып, қоқыс жәшігіне тастады. Әбекең мен Компартия кикілжіңі осылай аяқталды» дейді жазушы.
Нұрпейісов халқы үшін отқа да, суға да түсті. Оның бір көрінісі – 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліс. Горбачев пен Колбин қазақ жастарын аямай жаншып, қанға бөктіргені бүкіл қазақтың ашу-ызасын келтірді. Кремль күллі қазақты ұлтшыл деп, қара есекке мінгізген тұста, 1989 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуде өткен бүкілодақтық жазушылар пленумында Әбекең қиянатқа қарсы тұрды. Сырттан келген басшылардың іс-әрекетін жіпке тізгендей тізіп береді. Нұрпейісовтің сол айқайынан кейін 4 ай өтпей, Колбин қызметінен алынады.
86 жыл демекші, Әбеңнің тағы бір ерлігі жөнінде белгілі меценат Ұзақбай Айтжановтың айтқаны бар еді. Осыдан 30 жыл бұрын өзінің барлық марапатын (орден, медаль) партиялық билетімен бірге қорапқа салып, қоқыс контейнеріне лақтырыпты. Бұл оның 86 жылғы желтоқсандағы студенттер мен жастардың қырылуына наразылығы болатын. «Әскери марапаттарын неге лақтырғанын» сұрағанымда, ол майданда алданып қалғанын, оның жеңіске ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Оған «Қызыл Жұлдыз» ордені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін» медалі тектен тек берілмегенін айтып, қарсылық білдірдім. Әбекең әкесімен және әкесінің ағаларымен бірге алты бірдей адам Сталинград майданына түсті. Сол тозақтың ішінен Нұрпейісовтер отбасынан жалғыз өзі аман шықты. Ол жеңісті Кенигсбергте қарсы алды. Бұл ерлік емес пе?» дейді Айтжанов.
Қаламгер күллі марапатының ішінде шығармашылығына берілген атақ-дәрежелерін ерекше құрметтейді. Ол үшін медальдардың ішінде КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Шолохов атындағы сыйлықтың мәні де, маңызы да зор.
Елі мен жерін, тілін қорғаған, ақ қағаз бетіне ерекше қазақ бейнесін жасаған Әбдіжәміл Нұрпейісов осылайша өз еліне сөз жауһарларынан өлмейтін, өшпейтін мәңгілік монумент орнатты.
Гүлзина БЕКТАС,
журналист.