Қарапайым әдістер арқылы интернет алаяқтарынан қорғануды білесіз бе?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Маманның айтуынша, алаяқтар қоғамдық орындардағы тегін интернет арқылы да телефондағы жеке құпия мәліметтерді ұрлауы мүмкін.
Технология дамыған заманда интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалу өте оңай. "Доктор Веб – Орталық Азия" ЖШС техникалық қолдау қызметінің басшысы Виталий Бугаев желіде өзіңді қалай қорғау керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Бірнеше аккаунтқа – әртүрлі пароль
Бугаевтың айтуынша, интернет алаяқтардан сақтанудың ең қарапайым жолы – сенімді пароль. Құпия сөз әртүрлі әріптен, цифрлар мен арнайы символдан құралуы тиіс.
"Пароль сегіз символдан кем болмағаны абзал. Және ол сөздікте бар белгілі бір сөз болмауы керек, әріптер кездейсоқ таңдалғаны жақсы. Қазір көптеген ресурс парольді енгізген кезде, құпия сөз "әлсіз, орташа" деп көрсетіп тұрады. Оның үстіне, сервистерде екі факторлы авторизация қолданылады. Парольден бөлек, телефоныңызға пин-код жазылған хабарлама келеді. Банктердегі сияқты. Бұл да қауіпсіздік үшін жасалған", - деді ол.
Бугаев бірнеше аккаунтқа бір парольді қолдану алаяқтардың жұмысын жеңілдететінін ескертті. Егер бір әлеуметтік желідегі парақшаның құпия сөзі жария болса, онда автоматты түрде басқа аккаунттарға да қауіп төнеді.
Бұдан бөлек, ол парольді ара-тұра өзгертуге кеңес берді.
Айтуынша, қазіргі таңда ең танымал парольдер: 123456, 123456789, qwerty, password, 12345, qwerty123, 1q2w3e, 12345678, 111111 және 1234567890. Интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалғыңыз келмесе, бұл құпия сөздерді қолданбаңыз.
Аккаунтты бұзбай-ақ жеке мәліметтерді ұрлауға болады
Бугаев аккаунттың бұзылғанын қайдан білуге болатынын түсіндірді.
Ең алдымен, сіз желіде отырмасаңыз да, "статусыңыз" онлайн болып тұрады. Сіздің атыңыздан достарыңызға неше түрлі хат, спам жолданады.
Алаяқтар басқа елде отырып та, жеке парақшаңызды бұзып кіреді. Сондықтан, егер аккаунттта Қазақстаннан емес, Украинадан кіріп отырғаныңыз көрсетілсе, онда тез арада парольді өзгерту қажет.
Сондай-ақ, аккаунтты бұзбай-ақ, жеке мәліметтерді ұрлаудың жолы бар екен. Ол технология әлеуметтік инжиниринг деп аталады.
"Мәселен, сізге біреу хабарласып, өзін банк қызметкері деп таныстыруы мүмкін. Есепшотыңыз бұғатталды, қазір тексеріс жүргізіп жатырмыз деп әңгімеге тартады. Содан кейін ЖСН-ды растауды өтінеді, басқа да мәліметтерді сұрап біледі. Осылайша, құпия ақпаратқа қол жеткізеді. Алданып қалғаныңызды сезбей де қаласыз", - дейді маман.
Ал егер интернет ресурс болса, онда фишингтік (жалған) парақшаның көмегімен ұрлауы мүмкін. Мұндай сайттардан сақтану үшін компьютерге кешенді антивирус орнатқан жөн.
Сонымен қатар, кейбір сайттарға кірген кезде, сізден тіркелуді, яғни поштаның логині мен паролін енгізуді сұрайды. Бұл жағдайда, логин ретінде телефон нөміріңізді немесе электронды поштаның адресін жазасыз. Ал құпия сөзді жаңадан ойлап табуыңыз керек. Өзіңіз қолданып жүрген электронды поштаның паролін жазуға мүлде болмайды. Егер дәл сол поштаның паролін талап етсе, онда бұл алаяқтардың ісі деген сөз.
Тегін Wi-Fi-дан қандай қауіп бар?
Көпшілігіміз қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi-ға қосылатынымыз жасырын емес. Десе де дәл осы тегін интернеттің компьютерде немесе ұялы телефонда сақталған жеке мәліметтердің ұрлануына себепші болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені мұндай желі жалпыға қолжетімді әрі қорғалу деңгейі әлсіз.
"Тегін Wi-Fi-ға қосылған кезде, операциялық жүйе сізден бұл жалпыға қолжетімді желі ме, әлде жеке ме деп сұрайды. Бәріне қолжетімді екенін көрсету керек. Осыдан кейін операциялық жүйе басқаша жұмыс істей бастайды", - деп түсіндірді Бугаев.
Аккаунтқа басқа біреудің компьютерінен кіргеннен кейін не істеу керек?
Жеке парақшаға басқа біреудің компьютерінен кіру, сіз ойлағандай, қауіпсіз емес. Кей кезде браузер құпия сөзді сақтап қалады. Осыған мән беру керек. Компьютердегі шаруаңызды бітіргеннен кейін, браузерге кіріп, аккаунттың паролі сақталып-сақталмағанын тексеріңіз. Егер сақталып қалса, өшіріп тастаңыз.
Мұндай кезде компьютерде өздігінен жаңарып отыратын антивирустың болғаны жақсы.
Аккаунт бұзылған жағдайда...
Егер жеке парақшаңыз бұзылса, құпия сөзді дереу ауыстырған абзал. Алайда, кей кезде алаяқтар сізден бұрын қимылдап, пароліңізді өзгертіп жіберуі мүмкін. Осыдан кейін сіз аккаунтыңызға кіре алмайсыз. Мұндай жағдайда сервистің әкімшілеріне хабарласып, шағымданаңыз. Олар сізге сілтеме жібереді. Сол сілтеме арқылы өтіп, жаңа пароль ойлап табасыз.
Немесе ескі парақшаның орнына жаңа аккаунт ашуға болады. Бірақ, ескі аккаунтты алаяқтар пайдаланып, арам пиғылын іске асыруы мүмкін.