Қызылордада уран концентратын сатпақ болған қылмыстық топ ұсталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы аумағында 240 кг уран концентратын сату әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткізілген арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 4 мүшесі қылмыс үстінде ұсталып, оларға Қылмыстық кодекстің 283-бабының 2-бөлігі бойынша «радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу» айып тағылды. Ядролық физика институты мамандарының қорытындысы бойынша алынған уран концентраты қауіпті радиоактивті зат болып табылады. Көрсетілген заттың сәулелену деңгейі рұқсат етілген көрсеткіштен бірнеше есе артық және қоршаған орта мен халық денсаулығына қатерлі қауіп төндіреді (радиологиялық және токсикологиялық зардаптар)» делінген хабарламада.
Тергеу мәліметтері бойынша, радиоактивті зат қылмыстық топ өкілдерімен ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрланған.
Басқа ақпарат сотқа дейінгі тергеу мүддесінде жария етілмейді.