Бекмырза Еламанов Қызылорда халқының алдында неге өтірікші болып жүр?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Парламенті сенатының қаржы және бюджет комитетінің отырысында депутат Бекмырза Еламанов жыл сайын созылып келе жатқан «Қызылорда – Жезқазған» тас жолының құрылысы қашан басталатынын сұрап, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қызылорда – Жезқазған» арасындағы жол құрылысы қашан басталады? 2020 жылы басталады деп еді? Жылда келесі жыл, келесі жыл деумен келесіздер. Ертең елге барамыз, біз де депутатпыз. Сайлаушыларымыз сұрайды, жылда келесі жыл деп айтумен өтірікші болып біттім. Масқара емес пе?», – деп кейіді Бекмырза Еламанов.
Бірақ бұл сұраққа Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков қиналып, әзер жауап берді. Бірақ жауабы мардымды шықпады.
«Жобалау жұмыстары басталады. Келесі жылы бюджеттен ақша алған кезде сол жұмысты жалғастыруға қаражат пайдаланатын боламыз. Барлық жаңа жобаларды келесі жылға қалдырып отырмыз», – дейді Амангелді Беков.
Депутат комитет басшысының жауабына қанағаттанбады.
«Бұл дегенің жаңа жоба емес қой? Айтылған, бірнеше жері жасалған жол. "Нұрлы жолдың» алғашқы кезеңі басталған 2016 жыл емес пе? Сол жылы 1 миллиард теңге қарастырылды. Сол не болды? Тағы ешкім түсінбейді», – деді депутат.
Бірақ бұл сауалға жауап болмады. Министрлік өкілі хат түрінде жауап береміз деп айтты. Сенаттың қаржы комитетінің төрағасы Ольга Перепечина әріптесіне дұрыс жауап бермеген жауапты мемлекеттік органның өкіліне басын шайқады.