Елімізде салықтан жалтарып жүрген депутаттар кімдер?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Су жаңа қызметтік көлік мініп жүріп, миллион теңгеге жуық жалақы алып жүрсе де, мүлік салығын төлемей, борышкерлер тізіміне ілінгендердің ішінде депутаттар да бар болып шықты. Мәжілісмендер бірінші қазанда аяқталатын қаржылық міндеттемесін ұмытып кеткен сияқты, деп хабарлайды Stan.kz.
Салық төлемей жүргендердің жалпы саны елімізде 800 мыңнан асады екен. Ал, биылғы қазанда аяқталған шекті мерзімінен кешіккендердің тізіміне депутаттардың бар екенін Жамилә Маричева есімді журналист әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Оның жазуынша, ең қомақты борышы бар мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко.
Соңғы уақытта көп сынға ұшырап жүрген депутаттың төленбеген салығы 235 мың теңгеге жуық екен. Атырау облысының әкімі болған Бақтықожа Ізмұхамбетов та 147 мың теңгені уақытында төлеуді ұмытып кеткен сияқты. Коммунистер фракциясының серкесі Айқын Қоңыров та 109 мың теңге салығын төлемеді деп тізімде тұр. Ақжол партиясының атынан президенттікке үміткер болған Дәния Еспаева да борышкерлер қатарында болды. Артынан мәжілісмендердің бәрі мемлекет алдындағы қарызынан құтылды деген ақпарат таралды.
«Салық коммитетінен мынанша теңгелік борышы бар деп қағаз келуі керек еді. Бірақ та, ол қағаз келген жоқ. Мүмкін, мен бұны салық органының порталынан қарауым қажет шығар, алайда қағаз келмеген соң мен де оған мән бермедім. Борышымды кеше төледім, онда тұрған ешнарсе жоқ», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева.