Қазақстандықтар енді көліктің «әдемі» нөмірлеріне арнайы тапсырыс бере алады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Енді қазақстандықтар автокөліктің «әдемі» нөмірлеріне тапсырыс бере алады. ІІМ жүргізушілердің қалауына байланысты осындай шешім шығарды, деп хабарлайды Khabar.kz.
Аталған өзгеріс 23 қазаннан бастап күшіне енді.
«Егер сіз жоғары сұранысқа ие әріптер комбинациясын, яғни бірдей үш әріпті таңдасаңыз, сандарды өз қалауыңызға қарай таңдауға құқығыңыз бар. Бұл азаматтарға мемелкеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру, оңтайландыру бойынша жоспарлық жұмыс болып отыр», - дейді ІІМ-нің әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Юрий Козлов.
ІІМ-дегілердің сөзінше, әріптер комбинациясын таңдау еркі берілгенімен, бейәдеп сөздердің құрастырылуына жол берілмейді.
Сонымен қатар «әдемі» нөмірлердің бағасы да өспейді. Оған қоса, көлікті сатқан жағдайда, иесі тіркеу белгісін жарты жылға дейін өзінде қалдыра алады. Яғни тіркеу белгісін сақтау мерзімі 30 күннен 6 айға дейін ұзартылған.
«Мұнда бір нәрсені түсіндіріп өтсем, егер 30 күнге дейін жаңа көлікке бұрын тіркелген мемлекеттік нөмірді қойғыңыз келсе, ол тегін беріледі. Мемлекеттік баж төлемейсіз», - дейді Юрий Козлов.