Қазақстанда митингке бала ертіп шыққан ата-аналар жазаланады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаттары сенаттың енгізген "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына" балаларды митингке ертіп шығатындарды жауапқа тартуды көздейтін нормасын құптады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Осылайша, парламент құжатты қабылдады деп есептеліп, президенттің қол қоюына жіберіледі.
"Ұсынылған өзгерістер: 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі 128 бапты келесідей редакцияда баяндау: 128 бап. Кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту.
1. Осы баптың 2-бөлігінде қарастырылған әрекеттерді қоспағанда, кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартқан үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
2. ҚР заңнамасын бұза отырып өткізілетін жиналыс, митинг, шеру, демонстрация және қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен наразылықты білдірудің өзге де формаларына кәмелетке толмағандарды тарту, нақтысы, қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен наразылықтарды білдірудің аталған формаларында кәмелетке толмағандарды пайдаланған үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылады", – делінген заң жобасының түсіндірме хатында.
Аталған норманы бұрынғы балалар құқығы жөніндегі уәкіл, сенат депутаты Сәуле Айтпаева ұсынды.