Биыл Қызылорданы «ерекше» құттықтаған кімдер? (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласын «Қала күні» мерекесімен ерекше құттықтағандар марапатталды.
Биыл қала күні мерекесіне орай түрлі форматта байқаулар ұйымдастырылды. Олардың дені әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып, байқау жеңімпаздарын қала тұрғындары бірге таңдады.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған «Qlove» фотосуреттер және «Qvine» вайнерлер байқауы жастар арасында кеңінен қолдауға ие болды.
«Qlove» фотосурет байқауы бойынша қатысушылар өздерінің жылы лебіздерін ерекше өлең жолдарымен, «креативті» фотосуреттерімен жеткізді. Бұл байқауда Альбина Құрманайқызы, Бақмұхаммед Мұхаммадұлы, Балнұр Қаршығақызы және Гүлбану Мақажан көпшіліктің ықыласына ие болып, марапатталды.
Ал «Qvine» вайн байқауында «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының еріктілері ұсынған видео көптің көңілінен шықты. Олар өз видеоларында Қызылорда қаласының өзіне тән ерекшеліктері туралы тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамасымен қызықтырды.
Қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова байқау жеңімпаздарын қала әкімінің дипломымен және сыйлықтармен марапаттады.
Осы байқауда Қызылорда қаласының кіреберіс қақпасындағы жолда ағылып жатқан көліктерді арнайы тоқтатып қойып, ешкімнің ойына келмеген эксклюзивті суретке түсіп, талай адамды қызықтырған фото авторына ерекше тоқталғымыз келеді. Ол – облыстық «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Гүлбану Мақажан. Біз де әріптесімізді жеңісімен құттықтап, шығармашылық толағай табыстар мен фотоға түсудің «креативті» тәсілдерін дамыта беруін тілейміз.