Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет тіл форумы өтуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты республикалық форум өтуде.
Форумға заң, бизнес, білім, ғылым, БАҚ және басқа да сала мамандары мен «Жас Отан» жастар қанаты өкілдері қатысып, латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланады.
Форумға қатысушыларға «Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген жаңа ІТ-жобалар таныстырылып, жаңа әліпби мен қазақ тілін оңай әрі тиімді жолмен үйрететін заманауи интерактивті құралдарының көрмесі ұсынылады.
Сонымен қатар, 6 секция бойынша жұмыс жасайтын ғылыми конференция өткізіледі. Оған қоса, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 өңірдегі тілдік ахуалды жақсарту бойынша үйлесімді жұмысты жоспарлауға арналған өңірлік Тіл басқармаларының басқосуы ұйымдастырылады.