Елімізде мемлекеттік наградалар саны қысқарады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының дәрежелері алынып тасталып және ұқсас наградалар біріктіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалардың жалпы саны – 183. Оның 103-і медаль, 80-і төсбелгі. Осылайша, ведомтсволық наградалардың ең көбі Ішкі істер министрлігінде – 36, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 27, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде – 21 награда бар», - деді министр Ақордада Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында.
Оның айтуынша, бекітілген ведомстволық наградалар тізбесін оңтайландыру мақсатында нақты қадамдар әзірленді.
«Ең алдымен, наградалардың дәрежелерін алып тастау керек. Дәрежелер 33 ведомстволық наградада қарастырылған. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 1,2,3 дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, ІІМ 1,2,3 дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медалі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 1,2,3 дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медалі қабылданған», - деді ол.
Сондай-ақ, министр ұқсас наградаларды біріктіру мәселесі туралы да айтты.
«Екіншіден ұқсас наградаларды біріктіру мәселесі туралы айтар болсам, «Үздік автокөлік жүргізушісі» мен «Құрметті автокөлік жүргізушісі», «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» және «Әділет органдарының үздігі» сияқты ұқсас наградалар көп. Сонымен қатар, мемлекеттік органның негізгі қызметі мен тақырыптық байланысты емес наградаларды алып тастау. Мысалы. Жоғарғы сотта, Бас прокуратурада, Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде бір үлгідегі «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» деген медаль бар. Жалпы осы медаль барлық меморгандарға қатысты болғандықтан, оның бірізділігін жасаған дұрыс деп санаймыз», - деп атап өтті министр.
Осыған байланысты, комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Мәдениет және спорт, Әділет министрліктеріне мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларын оңтайландыру бойынша нақты іс-шаралар қабылдауды тапсырды.