Қызылордада 300-ден аса азамат аң аулау ережесін бұзған
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылордада 9 айдың қорытындысы бойынша табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылықты анықтауда 516 дерек тіркеліп, 504 хаттама толтырылған. Оның ішінде 92 іс сот органдарына жолданып, 12 іс қылмыстық әрекет белгілері болуына байланысты құқық қорғау органдарына жолданған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы Ғалымжан Орақбаев мәлімдеді.
«Балық және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 361 тұлғаға 4337,5 мың теңге айыппұл салынып, оның 96% өндірілді. Есепті кезеңде облыс көлеміндегі орман мекемелері мен Барсакелместе 27 рет тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен кемшіліктерді қалпына келтіруге 18 ұйғарымдар беріліп, 9 рет орын алған кемшіліктерді жою туралы Ұсыныс келтірілді»,- деді инспекциясы басшысы.
Басқарма басшысы аңшылық алқаптарды пайдаланушылардың аңшылық шаруашылығын дамыту жоспарын және келісім-шарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты ескертпе хаттардың берілгенін, сот шешімдерімен 3 аңшылық алқаптары, балық шаруашылығын дамыту жоспарындағы міндеттемелерін ішінара орындамаған 4 су айдынын қайтарылып алынғанын нақтылап берді.