Қызылордадан Алматыға заңсыз 22 тонна сексеуіл тасығандар ұсталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордадан Алматыға сексеуілді заңсыз тасыған жүк көлігі ұсталды. Қызылорда облыстық табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері көлік жүргізушінің мәліметіне сүйеніп, олардың бұған дейін де сексеуіл ағашын Қызылордадан Алматыға заңсыз тасымалдағанын анықтаған.
Облыстық табиғат қорғау прокуратурасының мамандары «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының бойында «DAF» маркалы жүк көлігін тоқтатып, оны тексерген. Жүк көлігін тексеру кезінде оның тіркемесінен сексеуіл ағашы тиелгені анықталған. Рұқсатсыз кесіп, тасымалданған сексеуілдің көлемі 22 тоннаны құрайды. Көлік иелері сексеуілді жасыру мақсатында тіркемінің ауызғы жағына қораптарды жинаған.
«Сексеуілді рұқсатсыз кесуден мемлекетке елеулі шығын келді. Аталған дерек Қызылорда облысының Табиғат қорғау прокуратурасының Ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Тергеу реттілігі бойынша Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жолданды. Қазіргі таңда полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін жүргізуде», - дейді Қызылорда облысының табиғатты қорғау прокуратурасы.