2021 жылдан бастап мектептерге латын қарпімен жазылған жаңа Әліппе енгізіледі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әліппе 2021 жылы қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде қайта енгізілетін болды. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова «Әліппе» оқулығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Әліппе бойынша тисті жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине, бұл оқулық қайтарылады. Келесі жылы жаңартылған білім беру мазмұнының бірінші циклы аяқталады. Оған 11-сынып та кіреді. Одан кейін 2021 жылдан бастап қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Әліппені кіргізу осы 2021 жылдан басталады», - деді Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, оқулық Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде жасалып жатыр. Ал тілшілердің «Әліппе латын графикасымен жазыла ма?» деген сұрағына вице-министр: «Иә», - деп қысқа ғана қайырды.
Айта кетейік, биыл Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әліппенің мектеп бағдарламасына қайтарылатынын мәлімдеген.
«Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын, көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады», - деді министр.